Қаржы

Зектілері

Биылдан бастап жекеменшік мектептерде бастауыш сынып оқушылары тегін тамақтанады

Жарияланған күні:

мектеп асханасындағы оқушылар
Мектеп асханасындағы оқушылар. Фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Биылдан бастап жекеменшік мектептердің 1-4 сынып оқушылары тегін ыстық тамақпен қамтылады, сонымен қатар аз қамтылған отбасылардың балаларына әлеуметтік көмек көрсетіледі. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Оқу-ағарту министрлігінің Тelegram-дағы арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Ведомство өкілдері 30 желтоқсанда президент қол қайған білім және бала құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі заңды еске салып өтті. Сол заңдағы негізгі жаңалықтардың бірі – жекеменшік мектептердің 1-4 сынып оқушыларын тегін ыстық тамақтандыру. Жаңа бастама 25 мыңнан астам баланы қамтиды. Оны жүзеге асыруға жергілікті бюджеттен 12 млрд-тан астам теңге бөлінді.

Сондай-ақ министрліктің хабарлауынша, заң мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқитын оқушылар үшін әлеуметтік қолдау шараларын кеңейтуді көздейді. Бұрын "Жалпыға бiрдей білім беру" қорынан мектеп керек-жарақтары мен кеңсе тауарларын сатып алуға көмек тек мемлекеттiк мектеп оқушыларына ғана көрсетiлген еді. Енді ол жекеменшік мектеп оқушыларына да қатысты болады.

"Жаңа заң аясында жергілікті атқарушы органдарға меншік нысанына қарамастан, әлеуметтік осал отбасылардың барлық балаларына әлеуметтік көмек көрсету құзыреті беріледі. Бұл барлық балалар үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам", - деді Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.

Еске сала кетейік, мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2023 жылдың қыркүйегінен бастап бастауыш сынып оқушылары мен әлеуметтік санаттағы 5-11 сынып оқушылары үшін мемлекеттік мектептерде тегін ыстық тамақ ұйымдастырылды. Биылғы оқу жылында мемлекеттік мектептерде оқитын 1,7 млн-нан астам бала тегін тамақпен қамтамасыз етілді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/pension/2214962-biyldan-bastap-zhekemenshik-mektepterde-bastauysh-synyp-oqushylary-tegin-tamaqtanady/