Жұмыстан айырылған жағдайда әлеуметтік төлемді қалай алуға болады
Жарияланған күні:

2025 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем алушылар саны 106 мың адамды құраған. Жұмыстан айырылған жағдайда әлеуметтік төлемді қалай алуға болады, бұл туралы төмендегі материалдан оқи аласыз.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, биыл 31,2 мың адамға төлем тағайындалған. Төлемдердің жалпы сомасы 9,4 млрд теңге болған.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес жұмыстан босатылған жұмыскерлер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне және соңғы 24 айдағы табысына байланысты 1 айдан 6 айға дейін жұмысынан айырылуы бойынша әлеуметтік төлемдер алады. Төлем жоғалған кірістің 45 пайызына дейінгі мөлшерде МӘСҚ қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
Төлем тағайындау үшін жұмыстан босатылған жұмыскерге:
- eGov.kz порталында авторизациялану қажет;
- "Жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту" бөлімінде "Жұмыс іздеуші адамдарды тіркеу" қызметін таңдауы керек;
- Онлайн-қызметке тапсырыс беріп, барлық жолды толтырып және оған ЭЦҚ-мен қол қойып, өтінімді жіберу қажет;
- Бір күн ішінде тұрғылықты жеріңіздегі мансап орталығы (бұдан әрі – МО) бос жұмыс орындарын ұсынады;
- Егер жұмыс табылмаса, 3 жұмыс күні ішінде қашықтықтан жұмыссыз мәртебесі беріледі (қажет болған жағдайда сізге МО қызметкері қосымша ақпарат жинау үшін хабарласады);
- Бұл қызметті онлайн режимде Электрондық еңбек биржасы (enbek.kz) арқылы да алуға болады.
Жұмыссыз ретінде тіркелу туралы мәліметтер болған кезде Еңбекминінің ақпараттық жүйесі проактивті форматта МӘСҚ-тан төлемді тағайындау бойынша қызмет көрсетуге келісу үшін мобильді телефонға SMS-хабарлама жібереді. Келіскен жағдайда SMS-хабарламаға жауап беру қажет. Төлем автоматты түрде тағайындалады.
Естеріңізге сала кетейік, жұмыстан айырылған жағдайда МӘСҚ қаражаты есебінен төленетін әлеуметтік төлем жұмыстан шығу себептеріне қарамастан жүзеге асырылады және бұл жұмыссыз адамды жұмыс іздеген кезеңде қолдауға арналған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/pension/2220602-zhumystan-aiyrylgan-zhagdaida-aleumettik-tolemdi-qalai-aluga-bolady/