Қаржы

Зектілері

Таразда жаңа автобустар пайдалануға берілді

Жарияланған күні:

Жаңа автобустар
Фото: Тараз қаласының әкімдігі

Кез келген өңір үшін қоғамдық көліктердің қызметі жіті назарда. Бұл тұрғындарға қолайлы орта қалыптастырудың бірден бір жолы. Әсіресе, олардың жеткілікті болуы күн тәртібіндегі басты мәселе.

Тараз қаласында да бүгінде автобус тапшылығы туындап отырғаны жасырын емес. Нақтырақ айтсақ, шаһарға 200 автобусқа қажеттілік бар. Осыған байланысты жолаушылар көлігі тасымалын жандандыру, жетілдіру және де тұрғындарды жолаушы көлігімен толық қамтамасыз ету мақсатында 2023-2025 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары әзірленді. Оған сәйкес, жыл сайын қалаға 70 жаңа автобус жеткізу жоспарлануда. Сондай-ақ қала әкімдігі тарапынан тасымалдаушы мекемелерге арнайы субсидия беріліп, барлық жағдай жасалуда. Осындай ілкімді істердің арқасында оң нәтижелерге қол жеткізіліп, қоғамдық көліктердің тапшылығы азаюда.

Жаңа автобустар
Фото: Тараз қаласының әкімдігі

Соның жарқын мысалы бүгін «№1 Тараз автобус паркі» ЖШС «Zhong Tong» маркалы 20 автобусты жеткізіп отыр. Ұзындығы 8,5 метрді, жалпы сыйымдылығы кемінде 55 адамды тасымалдау мүмкіндігі бар бұл қоғамдық көліктер № 11, 46, 28, 55 маршрут бағыттарында қызмет көрсетеді. Сонымен қатар «ӘулиеатаТрансПасс» ЖШС тарапынан алынған 3 бірлік үлкен сыйымдылықты «Zhong Tong» маркалы автобустар №19 бағытқа қосымша қызмет көрсетіп, жүру жиілігі 14 минуттан 10 минутқа қысқармақ. Қалаға әкелінген жаңа автобустардың біреуінің құны 38 миллион теңгені құрап отыр.

Бүгін облыс әкімі Нұржан Нұржігітов пен шаһар басшысы Бақытжан Орынбеков осы жаңадан келген автобустарды салтанатты түрде табыс етті.

Жаңа автобустар
Фото: Тараз қаласының әкімдігі

Жоғарыда аталған жоспарға сәйкес, 3 жыл көлемінде 120 аялдама орнату, аялдамаларға 90 жарық диодты цифрлық таблолар орнату, кемінде 200 автобус сатып алу, жаңа 15 жолаушылар бағытын ашу, күнделікті қызмет көрсететін автобустар санын 460-қа дейін арттыру көзделуде.

Осы мақсатта «СапарТранс-2012» ЖШС тарапынан кемінде Yutong маркалы 10 автобусты қыркүйек айында жеткізу қолға алынса, «ӘулиеатаТрансПасс» ЖШС тарапынан жыл аяғына дейін қосымша 25 автобус жеткізу жоспарда. Бұған қоса «City Bus» ЖШС-мен 60 автобус жеткізуге қатысты меморандум жасалған. Аталған автобустар 3 жылдық жоспарға сәйкес жанадан ашылатын бағыттарға қызмет көрсететін болады.

Адамдар
Фото: Тараз қаласының әкімдігі

Тағы бір айта кетерлігі жолаушы бағыттарын ашу мақсатында 9 бағыт бойынша 31 наурызда «Әулиеата» газетінің №23 шығарылымына конкурс жарияланды. Қазіргі уақытта «Саяхат-99» ЖШС тарапынан №20, «ТаразТрансМоторс» ЖШС тарапынан №56 бағытқа қызмет көрсету үшін өтінім келіп түсті.

Бұдан бөлек, жоспарды іске асыру аясында ағымдағы жылы 21 аялдама орнату жұмыстарына бюджет есебінен 55,9 млн теңге қаржы қаралып мердігерді анықтау үшін мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланды. Сонымен қатар 9 жарық диодты таблоларды орнату жұмыстарына бюджет есебінен 17 миллион теңге қаржы қаралып, жеңімпаз мердігер «Орталық диспетчерлік қызмет» ЖШС тарапынан монтаждау жұмыстары басталды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/personal/2018201-tarazda-zana-avtobustar-paidalanuga-berildi/