"Әр қазақ бай болуға лайық": Елімізде бұрын-соңды болмаған зияткерлік ойын жарық көрді
Жарияланған күні:

Қаржылық тұрғыда сауатты болу – заман талабы. Көз ілеспес жылдамдықпен алмасып жатқан өзгерістер халықтан әр қаржылық әрекетіне мығым болып, сақтық танытуды қажет етеді. Өткен демалыста қалың көрерменге жол тартқан жаңа «БайLike» жобасы дәл осы міндетті көздейді. Jusan қолдауымен жүзеге асқан қызықты жоба ел тұрғындарының қаржы саласындағы білімін арттыру мақсатында қолға алыныпты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
«Әр қазақ бай болуға тиіс». Дәл осындай ұранмен «БайLike» продюсерлері Jusan Bank-тың Esepshot деп аталатын YouTube-арнасында жаңа зияткерлік ойынды ел назарына ұсынды. Көңіл-көтеру сипатындағы бағдарлама халық үшін өте маңызды тақырыпты қозғайды – қаржылық сауаттылық. Күрделі дүниені халыққа жеңіл форматта түсіндіру тәсілін таңдаған ұйымдастырушылар осы жоба арқылы елдің қаржы саласындағы білімін арттыруға үлес қосуды көздеп отыр екен.

«Бұл жобаның ең үлкен артықшылығы әрі өзгешелігі – қазақ тілінде болуы. Себебі бұл тақырыпта қазақ тілінде ақпарат жоқтың қасы. Біз қаржы сауаттылығын арттыру арқылы қазақ тілін дамытуға үлес қосқымыз келеді. Мәселен, Jusan қосымшасында клиенттер үшін тегін Jusan академиясы бар. Ал бұл жоба арқылы біз кең аудиторияға қамтығымыз келеді», - дейді жоба жетекшісі, Jusan-ның маркетинг департаментінің маманы Ғалия Нұрғазиева.
Оның сөзінше, Esepshot арнасында аталмыш жобадан бөлек, тағы екі түрлі пайдалы бөлім бар.

«БайLike-тан» басқа Jusan-ның Esepshot арнасында тағы екі жоба бар. Бірі – Береке Алтаев пен Марлен Косаков есімді біздің қызметкерлердің жүргізуімен қолға алынған, қаржы сауаттылығын үйрететін лайфхактар, түсіндірмелер, кеңестерді қамтитын қысқаша роликтер. Екінші жобаны кәсіпкер, бизнес-коуч Самат Әжібеков жүргізеді. Ол бизнес бастау, жалпы бизнес туралы өмірлік құнды кеңестерін бөлісіп отырады. Ал «БайЛайк», көріп отырғандарыңыздай, ойын түрінде ұсынылады. Біз осы бағдарлама арқылы оны көрген әр қазақстандық қарапайым дүниелерді біліп жүрсе екен, алаяқтардың арбауына түсіп қалмаса екен деген ниетімізді іске асырмақ болдық. Түрлі қаржылық айла-шарғы жасайтындардың «қармағына» ілігіп кетпей, өз құқығы мен міндеттерін ел жақсы түсінсе деп ойлаймыз», - деп қосты ол.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жобаға барлығы 72 адам қатысқан. Олардың ішінде танымал актерлар, актрисалар, әртістер бар. Бағдарламаның тұрақты жүргізушісі – актер Қайрат Әділгерей, ал қалған төрт қатысушы әр ойында ауысып отырады. Ойын төрт бөлімнен тұрады. Әр бөлімінде жүргізуші қатысушыға жеке-жеке сұрақ қойып, дұрыс жауап берсе, «Jusan» түріндегі ұпай береді. Ал сұраққа қате жауап берсе, ұпайдан қағылады. Осылайша, ойынның соңында қаржы саласындағы сұрақтарға неғұрлым дұрыс әрі көп мәрте оңды жауап берген ойыншы «Jusan» түріндегі ұпайларын ақшаға айырбастап алу мүмкіндігіне ие болады. Үстел ойынының концепциясын жоба авторлары мен банк қызметкерлері бірлесе ойлап тауыпты. Сұрақтар орынды әрі пайдалы болуы үшін команда өте көп ізденетінін, тіпті осы салада арнайы мамандарды да сұрақ құрастыруға шақыратынын жасырмады.

«Бұл ойынды жасау үшін біз көп еңбектендік, арнайы сценаристер шақырылды, қаржы сауаттылығы жайындағы басқа тілдегі көптеген кітапты аудардық. Құрылымын да талай мәрте өзгерттік. Жасыратыны жоқ, елімізде осы салада көп проблема бар. Несиесі бар адамдар да өте көп, несиені қалай алу керектігін түсінбейтіндер де жетерлік. Сондықтан бұл ретте аталған жобаның халыққа көмегі көп болады деген ойдамыз. Біз ойынның ұранын «Әр қазақ бай болуға лайық» деп қойдық. Менің ойымша, ойынды әр қазақ көруі керек, себебі ол үлкендерге де, кішкентай балаларға да пайдалы. Бірегей жоба деп санаймын», - деді жоба продюсері Айгерім Жугунева.
Айта кету керек, «БайLike» жобасының келесі маусымынан жұлдыздарды ғана емес, қарапайым көрермендерді де көруге болады. Идея авторлары бұл қарапайым халықтың қаржылық білімін арттырып қана қоймай, олардың бұл саладағы білім көкжиегін толықтыра түсетініне үлкен үміт артып отыр.
Ойынның алғашқы шығарылмын мына сілтеме арқылы көруге болады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/personal/2024618-ar-qazaq-bai-boluga-laiyq-elimizde-buryn-sondy-bolmagan-ziyatkerlik-oiyn-zaryq-kordi/