Элиталық тұрғын үй кешеніне 572 млн теңге құйған шымкенттіктер әлі баспанасын ала алмай жүр
Жарияланған күні:

Шымкентте элиталық тұрғын үй құрылысына қаржы құйған 50-ден астам отбасы далада қалды. Тұрғындар прокуратураға да арыз түсірген, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Телеарна мәлімсетінше, "Асылтас" деп аталатын тұрғын үй кешенінен пәтер алмақ болған 50-ден астам отбасы 10 мен 20 миллионның арасында ақша құйған. Алайда қарқынды басталған үй құрылысы тоқтап қалған. Бұл құрылысқа "Қазақстан тұрғын үй компаниясы" кепілдік болып, үлескерлер ипотекалық несие рәсімдеген көрінеді. Енді не мердігер, не сол кепіл болған компания жоқ, дейді жиналғандар.
"Асылтас" деп аталатын тұрғын үй кешенінен екі жыл бұрын пәтер аламыз деген тұрғындар үлескер ретінде ақша салған. Барлығы дерлік су жаңа пәтерге кіру үшін түрлі банктерден ипотека рәсімдеп, енді белшесінен қарызға батқан. 90 пәтерлі тұрғын үй кешенінің құрылысы былтырдан бері тоқтап тұр. Қызыл кірпіштен тұрғызылған үйдің жарнамасы жер жарып тұрғаны бар, оның үстіне мердігердің мемлекеттік" Қазақстан тұрғын үй компаниясы" акционерлік қоғамымен келісімі болған соң тұрғындар ойланбастан ақша құйған.
"Мен бір бөлмелі үй алғам, 15 млн теңге салдым. Ал үйдің жалпы құны шарт бойынша 16-да 200 мың ба, сондай. Ең бірінші шарт бойынша 6-маусымда бітуі керек еді. Мынау А корпусынан алынған. Ол үй биыл бітіре алмайтын болды, біздің компанияларда ақша жетіспегендіктен мына екеуін бітіретін болдық деді", - дейді үлескер Ерғали Қалшабеков.
56 тұрғыннан 572 миллион теңге алған құрылыс компаниясының басшыларымен тұрғындар бірнеше мәрте зум арқылы сөйлескен екен. Уәдені үйіп-төккен басшы соңғы уақытта мүлдем байланысқа шықпайтын болған, дейді үлексерлер.
Келісімшарт бойынша үлескерлер 8 қыркүйекте үйіне кіруі керек еді. Бір күн асса келісімшарт бойынша "Қазақстан тұрғын компаниясы" кепіл ретінде құрылысты өзі жүргізуі керек. Бірақ кепіл компанияның Шымкенттегі өкілдігі мәселені білмейміз десе, бас кеңседегілер телефон арқылы жұмысқа кірісіп жатырмыз деп отыр.
"Компания жағынан біз өзіміздің шараларды өткізіп жатырмыз. 24 қыркүйек кепіл жағдай деп істейміз. Сонымен бізде құрылысын аяқтау, қайта бастау және тезірек аяқтау үшін іс-шара өткізіледі. Объектісіне, бәріне кірісеміз", - деді "Қазақстан тұрғын үй компаниясы" АҚ сараптама және мониторинг департаментінің бас маманы Қанатжан Кеңбаев.
"Үй аламыз" деп үшінші жыл далада жүргендер прокуратураға да арыз түсіргенімен, әзірге құзырлы органнан жауап жоқ. Үлескерлермен бірге "Асылтас" тұрғын үй кешенін салған құрылысшылар да жиналды. Құрылысшылрдың айтуынша, мердігер іргетасын құйып, кірпішін қалағандарды да ақысыз қалдырған.
Дереккөз: КТК арнасы.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/personal/2166103-elitalyq-turgyn-ui-keshenine-572-mln-tengge-qarzhy-quigan-shymkenttikter-baspanasyna-ali-qol-zhetkize-almai-zhur/