Қаржы

Зектілері

Шамамен 50 мың доллар: АҚШ-та жаңа автокөлік қымбаттап барады

Жарияланған күні:

Автосалондағы көліктер
Калифорния штатындағы автосалонда сатылып жатқан көліктер. Фото: Дэвид Пол Моррис/Getty Images

Қазанда АҚШ тұрғындары жаңа автокөлікті орташа есеппен 47 612 долларға сатып алған. Елде автомобиль бағасы 2019 жылмен салыстырғанда 10 мың долларға көтерілген. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ CNN телеарнасына сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Телеарна мәліметінше, АҚШ-та кейінгі бес жылда автокөлік бағасы, басқа да тауарлар мен қызмет түрлеріне қарағанда, әлдеқайда көтерілген. Басты себеп – коронавирус індеті логистикаға кері әсер етіп, автобөлшек өнідірісін қысқартқан. Оның үстіне, автомобиль өндірушілер қымбат көліктер шығаруға ден қойған.

"Сізге 30 мың доллардан арзан америкалық автокөлік табу қиынға түседі", - дейді Edmunds ресурсының сарапшысы Иван Друри.

Қазіргі автомобильдер жүргізушіге көмегі тиетін түрлі функциялармен қамтылған. Оған автоматты тежегіш, круиз-бақылау және қауіпті аймақтарды алдын ала ескерту және тағы басқалары жатады.

"Адамдар мұның бәрінің керек екенін осындай функциялар шыққанда ғана білді. Тұтынушыға не керек болса, сала соған қарай бейімделеді. Нарық 35 мың доллардан арзан өнім шығарудан бас тартып жатыр", - дейді Cox Automotive компаниясының сараптама жөніндегі аға директоры Чарли Чесбро.

Бұған қоса, бензинмен ғана жүретін қарапайым автокөліктерден қымбат тұратын гибридтерге сұраныс артып жатыр.

Құрама Штаттардағы арзанырақ автокөліктер көбіне шетел брендтеріне тиесілі. АҚШ-та үшінші тоқсанда сатылған Nissan автомобильінің орташа бағасы 35 362 доллар болған.

Бұл елде жеңіл автокөлік табу қиын, есесіне жол талғамайтын автомобильдер толып тұр.

"Үлкен үштік" – General Motors, Ford және Stellantis негізінен өнімдерін Jeep, Ram, Dodgy және Chrysler брендтерімен саудаға шығарып жатыр. Алпауыт компаниялар толық дерлік жол талғамайтын автокөліктер мен пикаптар шығаруға ден қойған. Олардың бәрінің бағасы 50 мың доллардан жоғары.

Сарапшылардың болжамына қарағанда, автонарықта баға алдағы жылдары да көтеріле беруі мүмкін. Жақында ғана президент сайлауында жеңіске жеткен Дональд Трамп импортқа, әсіресе автомобиль саласында баж салығын көтеру туралы уәдесінде тұрса, онда АҚШ-та баға одан бетер шарықтайды.

Автобөлшектерге де баж салығы енгізілуі мүмкін. Ол кезде АҚШ-та өндірілетін әрбір автомобиль қымбаттайды, себебі бұл елді бір де бір машина 100 пайыз америкалық бөлшекпен шығарылмайды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/personal/2189325-shamamen-50-myng-dollar-aqsh-ta-zhanga-avtokolik-qymbattap-barady/