Қарағанды облысында 8 наурыз мерекесіне орай біржолғы төлемді кім алады
Жарияланған күні:

Қарағанды облысында 8 наурыз мерекесіне орай біржолғы төлем беріледі, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ өңір әкімдігіне сілтеме жасап.
Әкімдіктің мәліметінше, 8 наурыз халықаралық әйелдер күні қарсаңында Қарағанды облысында халықтың әлеуметтік осал топтарынан 32 441 адам қолдау шараларымен қамтылады. Төлемдер аудандық және қалалық бюджеттердің мүмкіндіктеріне байланысты.
Бұл ретте көпбалалы аналар, сондай-ақ "Алтын алқа", "Күміс алқа" белгілерімен марапатталғандар немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған Қарағанды, Балқаш, Приозерск, Саран, Теміртау, Ақтоғай, Бұқар жырау, Қарқаралы, Нұра, Осакаров және Шет аудандарының тұрғындары біржолғы төлем алады.
Бұдан бөлек, Саранда балалары мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына баратын көпбалалы аналарға материалдық көмек беріледі. Шахтинск қаласында мүмкіндігі шектеулі балалардың аналарына көмек көрсетіледі.
Сонымен қатар Қарағандыда I және II топтағы мүгедектігі бар әйелдер мен зейнеткерлерге, Балқашта жалғыз тұратын қарт әйелдерге, Ақтоғай және Бұқар жырау аудандарында аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға, мүгедектер мен зейнеткерлерге, Қарқаралы ауданында аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға азық-түлік жиынтықтары беріледі.
Қарағанды, Балқаш, Саран, Ақтоғай, Бұқар жырау, Қарқаралы, Нұра және Шет аудандарында қайырымдылық акциялары жоспарланған.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Шымкентте 8 наурыз мерекесі қарсаңында бір реттік әлеуметтік төлем берілетінін хабарлаған едік.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/personal/2223911-qaragandy-oblysynda-8-nauryz-merekesine-orai-birzholgy-tolemdi-kim-alady/