Қаржы

Зектілері

"Қолда бар доллардың барлығы сатылып кетті": айырбас орындарының иелері Қазақстандағы бағамға қатысты пікір білдірді

Жарияланған күні:

Доллар санап жатқан қызметкер
Доллар санап жатқан қызметкер. Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Бүгін елімізде АҚШ долларының теңгеге қатысты бағамы 525-тен асып кетті. Мамандар мен ақша айырбастау органдарының иелері Қазақстандағы доллар бағамына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды КТК.

Бүгін ақша айырбастау орындары тақтайшаларын сәт сайын өзгертумен болды. Таңертең ғана 1 доллар мұнда 511 теңгеден сатылған еді. Ал түстен кейін кейбір пункттердегі бағам 525-ке дейін көтерілді. Кешке қарай доллар сәл арзандап, қазір, мысалы, ақша айырбастау орнында 1 доллар 520-дан сатылып жатыр.

Ал қор биржасындағы күндізгі сауда-саттықтан кейін доллар бағамы орта есеппен 513 болып қалыптасты. Яғни бірден 12,58 теңгеге өсіп отыр. Теңгенің бұлай құнсыздану себебін Ұлттық банк өкілдері түсіндірді.

"АҚШ долларының жаһандық нығаюы, шикізат құнының өзгеруі және әлемдегі геосаяси жағдайдың шиеленісуі сияқты бірқатар сыртқы факторлардың аясында дамушы нарықтардағы валюталардың теріс динамикасы барлық жерде байқалады. Ресей Федерациясының қаржы секторына қарсы жаңа санкциялар енгізу аясында елдің негізгі сауда серіктестерінің бірінің валютасы – Ресей рублі әлсірей түсті. Тұрақсыздандыратын ауытқуларды болдырмау және теңгенің айырбас бағамының артық құбылмалылығын тегістеу үшін Ұлттық Банк валюталық интервенциялар жүргізеді", - деді Ұлттық банк өкілдері.

Әлемдік нарықтағы мұнай бағасы да мәз емес. Теңгеге әсер етіп жатқан ішкі факторлар да бар. Мәселен, осындай сәтте тұрғындардың долларға деген сұранысы күрт артады. Ақша айырбастау орындарының қызметкерлері "бүгін теңге құнсызданып, доллар 520-ның үстіне шыққан бойда халық АҚШ валютасын жаппай сатып алуға кірісті" деді.

"Кешеден қарағанда, бүгін біздің ақша айырбастау пункттерінде АҚШ долларына деген сұраныс өте қатты өсті. Біздің ақша айырбастау пунктінің басшылығы, қызметкерлері бұл сұранысты дәл бүгінгі күні өте қиын жағдайда басынан өткеріп жатыр. Себебі, сұранысты ауыздықтау мүмкін емес. Бүгінгі күні қателеспесем, қолдағы бар доллардың барлығы сатылып кетті", - ақша айырбастау орындарының иесі Дулат Тастекей.

Экономистер дәл қазір доллар сатып алуға кеңес бермейді. Олардың пікірінше, қомақты қаражатты түрлі валютада бөліп ұстаған абзал. Тіпті ақшаның бір бөлігін алтынға салған дұрыс екен.

"Бір нәрсені анық көріп отырмыз. Теңгеміз 500-дің үстінде енді қалыптасады. Қазір енді 550, одан да асып барып, қайтып түсуі мүмкін. Бірақ қазір осындай ауытқымалы уақыт болып тұр", - деді экономист Мақсат Халық.

Басты экономикалық серіктестеріміз — Ресей және Қытаймен сауда-саттық осы елдердің ұлттық валютасында жүретіндектен, ол жақтан келетін импорттық тауар бағасы құбыла қоймас. Ал шикізатты Батыстан алдыратын отандық компаниялар тауар бағасын өсіруі мүмкін. Доллардың шарықтауына байланысты Алматыда жылжымайтын мүлік бағасы көтеріліп үлгерген. Ал автосалондардағы көлік құны әзірге тұрақты.

Дереккөз: КТК.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/stock/2193995-qolda-bar-dollardyng-barlygy-satylyp-ketti-aiyrbas-oryndarynyng-ieleri-qazaqstandagy-bagamga-qatysty-pikir-bildirdi/