RU

Сайлауда дауыс жинау үшін сыйлық бергендер қатаң жазаланады

Үгіт-насихат кезінде өрескел қателік жібергендер саяси додадан аластатылады. Орталық сайлау комиссиясы өкілдері үміткерлерге осындай ескерту жасады деп хабарлайды Алматы арнасы.

Барлық насихаттау жұмыстары науқанға екі күн қалғанда, яғни 18 наурыз күні тоқтатылуы тиіс. Ең қызығы, өздерін жарнамалау мақсатында кандидаттар кеудеше мен мойынорағыштар таратуға құқылары жоқ.

Электоратқа сыйлық таратып, дауыс беруге үгіттеу - заңға қайшы. Арнайы лотерея өткізіп, қайырымдылық шарасын да өткізуге болмайды. Сайлау алдындағы насихат жұмыстарын Орталық сайлау комиссиясы түсіндіріп өтті. Ең маңыздыларына тоқталды. Әр партия халықты иландыру мақсатында танымал адамдарды мемлекеттік қызметкерлерді, діни ұйымдар мен жергілікті билік өкілдерін жұмылдыруға құқылары жоқ.

"Сайлау алдындағы үгітті заңға қайшы келіп, оған тыйым салынса, партиялық тізімді немесе жекелеген кандидаттарды тіркеуден бас тарту немесе тіркелгені туралы шешімді жою шаралары қаралуы мүмкін",- деді  Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Владимир Фоос.

Барлық үгіт-насихат жұмыстары сайлауға екі күн қалғанда тоқтайды.  Дауыс беру алдындағы тыныштық күнінде тәртіпке бағынбай, насихат жүргізген партияны Орталық сайлау комиссиясы додаға жібермеуге құқылы. Тіпті  партияға мүше беделді бір тұлғаны кеудешелерге бейнелеп таратқандарды да осындай жаза күтіп тұр.

"Халықпен пікір алмасып, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізгенде, басқа партияларға нұқсан келмеуі тиіс. Белгілі бір партия өкілін де ерекше мақтап-мадақтауға болмайды. Киімдерге бейнелеп алып, таратпауларыңызды сұраймыз",- деді  ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Марат Сәрсембаев.

Сайлау күні Қазақ елінде бас-аяғы 9840 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Қазір үй-үйді аралап, арнайы өкілдер халықтың тізімін түгендеуде. Мәжіліс пен мәслихаттың депутаттарын таңдайтын маңызды күнді бақылайтын 12 байқаушы тіркеуден өтті. Олардың дені - ТМД атынан келген азаматтар.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1051370-saylauda-dauys-zhinau-ushin-syylyq-berg/