Тоқаев Си Цзиньпинмен кездесті: Маңызды келіссөздер қалай өтті? (фото)
Жарияланған күні:
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөздер жүргізді деп хабарлайды Ақордаға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпиннің ресми кездесуінің салтанатты шарасы барысында Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының мемлекеттік Әнұрандары орындалды.
Құрметті қарауыл бастығы рапорт берді. Мемлекет басшылары Құрметті қарауылдың қатарын аралап шықты. Содан кейін Құрмет қарауылының ротасы Қазақстан президенті мен Қытай Төрағасының алдынан сап түзеп өтті. Зеңбіректерден дүркін-дүркін оқ атылып, мемлекет басшыларына құрмет көрсетілді.
Салтанатты шара аяқталған соң Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпин келіссөз залына өтті.
Қазақстан президенті қытай көшбасшысымен Бішкекте өткен Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының саммитінен кейін араға бірнеше ай салып, қайта жолыққанына өте қуанышты екенін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР Төрағасына қонақжайлық көрсеткені үшін ризашылық білдіріп, қытай көшбасшысының досы, Қазақстанның Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сәлемі мен ыстық ықыласын жеткізді.
"Біздің кездесуіміз ҚХР-ның 70 жылдық мерейтойы қарсаңында өтіп отыр. Осы сәтті пайдаланып, Сізді және тұтас қытай халқын айтулы датамен құттықтағым келеді. Қытай бұл мерейтойға әлеуметтік-экономикалық және саяси даму тұрғысынан зор жетістікпен жетіп отыр. Осы оқиға тек Қытай Халық Республикасы үшін ғана емес, күллі әлем үшін тарихи мәнге ие деп ойлаймын. Сіздің мемлекеттің дамуы дүниежүзінің жіті назарында",– деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысының айтуынша, осы жетпіс жылдық жол қытай үшін өте ауыр болды. Бірақ 1970 жылдардың соңында Дэн Сяопиннің басшылығымен қолға алынған реформалардың арқасында қытай халқы өз дамуында орасан зор жетістікке жетті.
"Қытайдың табыстары мемлекеттеріміз арасындағы ынтымақтастықты дамыту үшін берік негіз болады деп санаймыз. Бүгін біз Бірлескен мәлімдемеге қол қоямыз. Бұл құжат бойынша Қазақстан мен Қытай ұзақмерзімді, стратегиялық және жан-жақты серіктестікті дамытуға бейілді екенін көрсетеді. Жоғары деңгейде қол жеткізген уағдаластық екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін салмақты құқықтық және саяси база болып табылады", – деді Қазақстан президенті.
ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин өз сөзінде Қазақстанның Орталық Азиядағы ірі ел саналатынын және Орталық Еуразияда үлкен ықпалы бар екенін айтты.
"Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен елдеріңіз зор табысқа қол жеткізді, ұлттық ерекшелікке негізделген даму үлгісін құрды. Сіз Президент болғаннан кейін өзіңіздің сабақтастық, әділеттілік және ілгерілеу жөніндегі үш ұстанымыңызды жарияладыңыз.
Экономиканы дамытуды, жұмыс орындарын ашуды, сыбайлас жемқорлықпен күресуді, әлеуметтік қорғау деңгейін көтеруді алдыңызға мақсат етіп қойдыңыз. Бұл – Қазақстан халқының үмітін ақтайды.
Сіздің барлық бастамаларыңыз осыған бағытталған. Достас Қазақстан халқына бақ-береке және табыс тілеймін", – деді Қытай көшбасшысы.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы жүргізген келіссөздер қорытындысы бойынша мынадай құжаттарға қол қойылды:
- Мемлекеттер басшыларының бірлескен мәлімдемесі;
- Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасы Үкіметінің арасындағы авиациялық іздеу және азаматтық әуе кемелерін құтқару саласындағы ынтымақтастық туралы келісім;
- Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасы Үкіметінің арасындағы «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты (НЖ ЖЭС) мен «Жібек жолының экономикалық белдеуі» (ЖЖЭБ) құрылысын ұштастыру жөніндегі ынтымақтастық жоспарын жүзеге асыруға байланысты өзара көмек туралы меморандум;
- Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасы Үкіметінің арасындағы ҚХР Үкіметінің Қазақстан тарапына суперкомпьютер беру жобасы жөніндегі ынтымақтастық туралы келісім;
- Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі мен Қытай Халық Республикасының Коммерция министрлігі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
- Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Қытай Халық Республикасының Бас кеден басқармасы арасындағы Қытай Халық Республикасына Қазақстан Республикасынан экспортталатын сүт өнімдеріне қойылатын инспекциялық, карантиндік және ветеринарлық-санитарлық талаптар жөніндегі хаттама;
- Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Қытай Халық Республикасының Бас кеден басқармасы арасындағы Қытай Халық Республикасына Қазақстан Республикасынан экспортталатын жүн шикізатына қойылатын инспекциялық, карантиндік және ветеринарлық-санитарлық талаптар жөніндегі хаттама;
- Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі мен Қытай Халық Республикасының Бас кеден басқармасы арасындағы зияткерлік меншік құқығын шекара маңы қорғау саласындағы ынтымақтастықты нығайту жөніндегі меморандум;
- Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Қытай Халық Республикасының Бас кеден басқармасы арасындағы Қытай Халық Республикасына Қазақстан Республикасынан экспортталатын зығырға қойылатын инспекциялық, карантиндік және ветеринарлық-санитарлық талаптар жөніндегі хаттама;
- Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы кеден шекарасы арқылы тауарлар мен көлік құралдарын алып өту туралы алдын ала ақпарат алмасу жөніндегі техникалық спецификация.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1815979-tokaev-si-czinpinmen-kezdesti-mayzdy-kelisszder-kalaj-tti-foto/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.