Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тоқаев неліктен Лукашенконы сайлаудағы жеңісімен құттықтады

Жарияланған күні:

Лукашенко Тоқаев 1656
Фото: Ақорда

Көптеген ел азаматтарының, сондай-ақ бірқатар мемлекет басшыларының Беларусьтегі президенттік сайлау нәтижелерін әділетсіз деп танығаны белгілі. Осы орайда қазақстандық саясаттанушы Оразғали Селтаев неліктен Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Александр Лукашенконы сайлаудағы жеңісімен құттықтағанын түсіндіріп берді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Саясаттанушы көптеген оқырмандарының оған осы сұрақпен жүгінгенін жазды.

"Біздің мемлекеттік аппарат пен халықаралық қатынастар жүйесі қалай жұмыс істейтінін білемін. Сондықтан да саяси прагматизм мен реализмнің жақтаушысы ретінде осы позициялардан нақты аспектілерді бөліп көрсетемін", – деп жазды сарапшы.

Біріншіден, сайлаудағы жеңіспен құттықтау – бұл жалпы бірыңғай дипломатиялық атрибут. Бұл әсіресе, тығыз екіжақты қарым-қатынас орнатылған мемлекеттер арасында болады.

"Мұнда Тоқаевтың кімді құттықтайтынында ешқандай айырмашылық жоқ – Лукашенко немесе Зеленский болсын. 2019 жылы Нұрсұлтан Назарбаев сол кездегі мемлекет басшысы ретінде "Барқыт революциясы" нәтижесінде билікке келген Армения премьер-министрі Никола Пашинянды құттықтаған болатын", – деп еске салды Селтаев.

Екіншіден, оның айтуынша, мұндай құттықтаулар 30 жыл ішінде посткеңестік кеңістіктегі саяси элиталар арасында дәстүрге айналған. Сондай-ақ ЕАЭО, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы және ТМД шеңберіндегі серіктестік қарым-қатынастар факторы да рөл атқарады.

"Аталған ұйым мүшелері бір-бірін жоғары лауазымға қайта сайлануымен басқалардан бұрын құттықтауға тырысады. Бұл джентельмендер клубының жазылмаған ережесі іспеттес. Мысалы, Лукашенконы Путин, Мирзиеев және жоғарыда аталған Пашинян да құттықтаған", – деп түсіндірді саясаттанушы.

Үшіншіден, Селтаевтың жазуынша, жоғары лауазымды тұлғаларды сайлаудағы жеңісімен құттықтау жеделхаттарын жіберу процесі стандартты алгоритм болып табылады.

Мұндай мәтіндерді президент әкімшілігінің сыртқы саясат бөлімі бірнеше шаблон бойынша алдын ала дайындайды. Хатты жібермес бұрын осы шаблонға тек нәтижелер бойынша фамилия ғана енгізіледі. Яғни, бұл мәтінде Лукашенконың емес, Тихановскаяның да есімі жазылуы әбден мүмкін еді.

Сондай-ақ ол президент құттықтауының дипломатиялық акт ретінде Беларусь билігі тарапынан жүргізіліп жатқан заңға қайшы әрекеттерін қолдау болып табылмайтынына назар аударды.

Еске сала кетсек, 9 тамызда Беларусьта президенттік сайлау өтті.

Сайлау нәтижесімен келіспеушілер жаппай наразылық акцияларына шыға бастаған. Минск көшелеріне ел тұрғындары жиналып, тәртіп сақшылары мен жергілікті халық арасында қақтығыс орын алды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1870166-tokaev-nelikten-lukasenkony-sajlaudagy-zeisimen-kttyktady/