Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

АҚШ-тағы сайлау: Байденнің жеңісіне қатысты отандық саясаттанушылар пікір білдірді

Опубликовано:

Джо Байден
Джо Байден. Фото: Getty Images/ Tasos Katopodis / Stringer

АҚШ-та президент сайлауының ресми нәтижесі жарияланбаса да, мемлекеттік телеарналар демократ Джозеф Байденнің жеңіске жеткенін жариялады. Осы орайда Sputnik Қазақстан агенттігіне сұқбат берген саясаттанушылар Джо сияқты демократтың билікке келгені елімізге қаншалықты тиімді болатынын айтты.  

Саясаттанушы Асқар Нұрша Байден билікке келсе, АҚШ пен Орталық Азия арасындағы байланыстар күшеюі ықтимал екенін айтады.

Мысалы, бүгінде Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Америка арасында "С5+1" форматы бар. Соның аясында бес елдің сыртқы істер министрлері АҚШ-тың мемлекеттік хатшысымен кездесіп отырады.  

Сарапшының сөзінше, осы формат бұрынғы байланыстарға қарағанда нығаюы да мүмкін. Ал Ресейге қарсы риторика күшейетін тәрізді, дейді Нұрша.

Сонымен қатар саясаттанушы Қытайдың экономикалық экспансиясын ұстап тұру саясаты жалғасатынын атап өтті. Оның айтуынша, тағы бір маңызды мәселені ескеру керек.

"Біз көп жағдайда президент әкімшілігін ғана айтып жатамыз. Алайда АҚШ конгресіндегі республикашылдар мен демократтардың арасалмағын ұмытпау керек. Өйткені конгресс арқылы өтетін президент бастамалары аз емес", - дейді Асқар Нұрша.

Ол Байденнің командасы бұрынғы әкімшіліктің қателіктерін көрсетуге тырысатынын жеткізді.

Асқар Нұршаның сөзінше, Трамп сыртқы саясатта бірқатар маңызды проблеманы шешсе де, оның қарсыластары НАТО-мен және Еуропалық одақпен арадағы қарым-қатынастың әлсірегенін алға тартып, дәстүрлі байланыстардың нашарлағанын айтуда.

Саясаттанушының болжамынша, Байден осы мәселелерге басымдық беріп, альянстардың күшін арттыруға тырысады.

"Жалпы, америкалық дипломатияның белсенділігі артады. Әрине, АҚШ пен Ресей арасындағы диалог жалғасады. Себебі ядролық қарусыздандыру, жаһандық қауіпсіздік, сан алуан шиеленістерді шешу мәселелері бар. Ондайда екі елдің де келісімі керек", - дейді ол.

Ал саясаттанушы Ерлан Саиров болса, АҚШ-тың демократтар партиясымен арадағы әріптестік байланыстардың Қазақстан Тәуелсіздік алған жылдары қалыптасқанын еске салды.

Маманның айтуынша, екі мемлекет арасындағы ең бірінші келісім – ынтымақтастық пен достық туралы құжат Билл Клинтонның тұсында рәсімделген. Ол да демократтардың өкілі.

"Тәуелсіздік жылдары ішінде Америка Қазақстанның ірі инвесторына айналды. Мәселен, соңғы 10 жылдың ішінде америкалық компаниялар ел экономикасына 28 миллиард доллар құйды. Ол Қытай инвестициясынан да көп болып тұр. Сол себепті демократтар мен қазақстандық саяси истеблишмент арасында дәстүрлі байланыстардың бар екенін ескерсек, Қазақстан мен АҚШ-тың экономикалық қарым-қатынасы дами береді деуге толық негіз бар", - дейді Саиров.

Еске сала кетейік, АҚШ-та өткен президент сайлауында демократтар атынан кандидат болған Джо Байден жеңіске жетті.

Мемлекет басшысы АҚШ-тың жаңа президентін жеңісімен құттықтады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1884205-aks-tagy-sajlau-bajdenni-zeisine-katysty-otandyk-saasattanusylar-pikir-bildirdi/

pixel