RU

Мемлекет басшысы Қайрат Мәмиді қабылдады

Тоқаев Мәми
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Конституциялық кеңестің төрағасы Қайрат Мәмиді қабылдады. Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстан Республикасы Конституциясының 25 жылдығына орай өткен шаралардың қорытындысы жайында баяндалды деп хабарлайды Ақорда.

Конституциялық кеңес төрағасының айтуынша, Ата Заңның мерейтойлық іс-шараларын ұйымдастыру және өткізу жөніндегі Ұлттық жоспар коронавирус пандемиясы тудырған қиыншылықтарға қарамастан жүзеге асқан.

Президентке мерейтой шеңберінде өткен іс-шаралар қорытындысы бойынша Ата Заңның әлеуетін жан-жақты іске асыру және елдегі конституциялық заңдылық жүйесін нығайтуға бағытталған ұсыныстар туралы ақпарат берілді.

Ұсыныстардың бір бөлігі Конституциялық кеңестің құқықтық негізін одан әрі жетілдіру және азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау кепілдігін күшейтуге байланысты келіп түскен.

Қасым-Жомарт Тоқаев Конституция Қазақстанның мемлекеттілігі мен еліміздің стратегиялық дамуының негізі екенін айтты.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында мемлекеттік органдар мен азаматтар конституциялық талаптарды терең түсінуі және оны басшылыққа алуы керек. 

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін мемлекет басшысы ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаеваны қабылдағаны туралы хабарлаған едік.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа ақпараттандыру стратегиясын іске асыру және мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауы аясында берілген тапсырмаларының орындалу барысы жайында баяндалды.

Сонымен қатар министр азаматтық қоғамды дамыту мәселелеріне тоқталып, аталған бағыт бойынша алға қойылған міндеттерді орындаудың нақты жоспарлары туралы мәлімет берді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1885352-memleket-bassysy-kajrat-mmidi-kabyldady/