RU

Мемлекет басшысы арнаулы жәрдемақы кімдерге төленетінін айтты

Фото
Фото: Ақорда

Тұрақты күтімге мұқтаж және жеке көмекшісі жоқ бірінші топтағы мүгедектерге арнаулы жәрдемақы төленеді. Ол ең төменгі күнкөріс деңгейінің 1,4 есе көбейтілген мөлшеріне тең болады. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы.

Бұл туралы ел президенті Nur Otan партиясының кезектен тыс XX съезінде айтты.

Оның сөзінше, тұрақты күтімге мұқтаж және жеке көмекші қызметін пайдаланбайтын бірінші топтағы мүмкіндігі шектеулі азаматтардың барлығына қосымша әлеуметтік қолдау көрсетілмек.

Осыған орай берілетін арнаулы жәрдемақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 1,4 есе көбейтілген мөлшеріне тең болатыны айтылды.

Мемлекет басшысы алдағы бес жылда ерекше күтімді қажет ететін адамдар арнаулы техникалық құралдармен қамтамасыз етілетінін жеткізді. Сондай ақ оларға толықтай оңалту-сауықтыру қызметтері ұсынылмақ.

"Алайда ең бастысы, әр адамға табыс табу мүмкіндігін беру керек. Бұл ретте біз нақты шаралар қабылдаймыз. Соның нәтижесінде 2025 жылға қарай мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамту көрсеткіші 30 пайызға жетеді", деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Сонымен қатар, мемлекет басшысы жарымжан жандардың кәсіби қызметпен айналысуымен бірге білім алуына да жағдай жасау маңызды екенін атап өтті.

Ол үшін бес жыл ішінде колледждер мен жоғары оқу орындары инклюзивті білім беру жүйесімен толық қамтылады.

Сонымен қатар мектепке дейінгі барлық мекеме мен мектептерде бұл көрсеткіш кезең-кезеңмен 70 процентке дейін жеткізіледі.

Еске сала кетсек, осыған дейін Нұр-Сұлтанда Елбасының қатысуымен Nur Otan партиясының съезі басталғанын жазған едік.

Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/politics/1886390-memleket-bassysy-arnauly-zrdemaky-kimderge-tlenetinin-ajtty/