RU

Жоғарғы соттың жаңа судьялары сайланды

Судья
Фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Парламент сенатының жалпы отырысында сенаторлар Жоғарғы Соттың судьясы қызметіне Сәкен Абдолла мен Мәдениет Омарбекованың кандидатураларын мақұлдады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Жоғары сот кеңесінің төрағасы Талғат Донақовтың cөзінше, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ақтөбе облыстық сотының төрағасы Сәкен Абдолланы және астаналық соттың судьясы Мәдениет Омарбекованы жоғарғы соттың судьясы қызметіне сайлауды ұсынған.

Ал жоғарғы соттың судьясы Гахарман Дүйсенбаевтың отставкаға кету туралы өтініш білдіргені белгілі болды.Донақов кандидаттардың сот саласындағы орташа еңбек өтілі 22 жылдан асады, дейді.

Оның айтуынша, екеуі де жоғарғы сот судьясы сияқты ауыр әрі жауапты жұмысқа толығымен дайын.

Сенат депутаттары мемлекет басшысының ұсынысын бірауыздан қолдады.

Абдолла Сәкеннің өмірбаяны

Абдолла Сәкен 1964 жылы туған. Заң ғылымдарының кандидаты еңбек жолын 1986 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының прокуратура органдарында бастаған. 1992 жылдан бастап Оңтүстік Қазақстан облысы әділет басқармасы бастығының орынбасары болып жұмыс істеді.

  • 1993 жылы - Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының судьясы;
  • 1996 - 1999 жылдары - Оңтүстік Қазақстан облысы әділет басқармасының бастығы;
  • 1999 - 2002 жылдары - Алматы қаласы әділет басқармасының бастығы;
  • 2002 - 2003 жылдары - әділет министрлігі сот сараптамасы орталығының директоры;
  • 2003 жылы - Жоғарғы сот аппаратының басшысы;
  • 2004 жылы - Жоғарғы сот судьясы;
  • 2007 жылы - Маңғыстау облыстық сотының төрағасы;
  • 2011 жылы - Нұр-Сұлтан қаласы сотының төрағасы;
  • 2013 жылы - Қазақстан Республикасы Әскери сотының төрағасы. 

2018 жылғы желтоқсаннан бастап Ақтөбе облыстық сотының төрағасы қызметін атқарды. Судьялық жұмыс өтілі - 19 жыл.

Мәдениет Омарбекованың өмірбаяны

Мәдениет Омарбекова 1965 жылы туған, жоғары заң білімі бар. Заң ғылымдарының кандидаты.

  • Еңбек жолын 1988 жылы Қарағанды қаласы Совет аудандық сотының сот отырысының хатшысы болып бастады.
  • 1990 жылдан бастап сот орындаушысы болды.
  • Ал 1992 жылы аудандық сот төрағасының көмекшісі қызметіне тағайындалды.
  • 1993 жылы  Қарағанды қаласы Совет аудандық сотының судьясы болып сайланды. 
  • 2000 жылы Қарағанды облыстық сотының судьясы болды.
  • 2015 жылдың мамырынан бастап Нұр-Сұлтан қаласы сотының судьясы болып жұмыс істеді. Судьялық жұмыс өтілі 27 жыл.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1887615-zogargy-sotty-zaa-sudalary-sajlandy/