Федералдық тергеу бюросынан Трампқа қарсы тергеу жүргізу сұралды
Жарияланған күні:
АҚШ Демократиялық партиясынан Конгресс мүшелері Федералдық тергеу бюросының басшысынан елдің қазіргі президенті Дональд Трампқа қарсы тергеу жүргізуді сұрады.
Кристофер Рэйге конгрессмендер Тед Лю мен Кэтлин Райстың жүгінгендігі белгілі болып отыр. Олар тергеу жүргізуді бастауға Трамптың Джорджия губернаторы әрі республикашыл Брэд Раффенспергермен әңгімелесуінің жария болуы негіз бола алатынын алға тартқан.
NBC News-тің хабарлауынша, әңгімелесу барысында мемлекет басшысы губернаторды штаттағы сайлауда жеңгеніне сендірмек болған (Джорджия Байденге дауыс берді) және жеңіске жету жолында "жетпей тұрған 11 780 дауысты тауып беруін" сұраған.
Хатта қазіргі президент шенеунікті оған көмектесуге бас тартқан жағдайда қылмыстық қудалаумен қорқытуға тырысқаны айтылған.
"Біз Дональд Трамптың сайлау кезінде бірқатар қылмыстарды жасауға итермелеу немесе оларды жасау мақсатында сөз байласуларға қатысы бар деп санаймыз", - деп жазды конгрессмендер АҚШ ФТБ басшысына жазған хатында.
Айта кетсек, Трамп өзінің Twitter парақшасында губернатормен телефон арқылы сөйлескені жайлы хабарлама жариялап, Раффенспергердің өз штатындағы президент сайлауы кезінде орын алған жаппай заңбұзушылықтар туралы "білмейтіндігін" мәлімдеген еді.
Шенеунік бұған өз ресми парақшасында былай деп жауап қатқан:
"Президент Трамп, сізді қаншалықты сыйласам да, айтқандарыңыз шындыққа жанаспайтынын ескертемін. Шындық ашылады", - деп жазды Раффенспергер.
Әңгімелесу көпшілікке жария болғаннан кейін көп ұзамай Трамптың адвокаты президентпен "құпия сұхбатты жасырын түрде жазып алып, жариялаған" губернатордан президент пен оның командасының "көңілі қалғанын" мәлімдеді деп хабарлайды Fox News.
Сол арада ФТБ Конгрестен хат келгенін растағанымен, бұл жайтқа қатысты түсініктеме беруден бас тартты.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1892200-kongress-mseleri-federaldyk-tergeu-burosynan-trampka-karsy-tergeu-zrgizudi-srady/