RU

Мемлекет басшысы: Парламенттің алдында маңызды екі міндет тұр

Тоқаев
Фото: Ақорда

VII шақырылымдағы парламенттің 1-сессиясына қатысып жатқан мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев парламент алдында маңызды екі міндет тұрғанын айтты деп хабарлайды Ақорда баспасөз қызметі.

"Парламенттің алдында маңызды екі міндет тұр. Бұл – сапалы заңдар қабылдау және өзекті мәселелердің шешімін табатын орталыққа айналу. Жалпы, еліміздің заңнама жүйесін кешенді түрде жетілдіру керек", - дейді президент.

Сонымен қатар мемлекет басшысы депутаттар әрдайым қоғам тынысын аңғарып, тамырын дөп баса білгені жөн екенін атап өтті.

"Парламент – ел мүддесі үшін тер төгіп, аянбай қызмет істейтін қайнаған жұмыстың ортасы. Халқымыз бізден оң өзгерістер күтетінін әрдайым есте ұстаған абзал", - дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ президент мәжіліске өту шегін төмендетуді ұсынды.

"Саяси партиялардың мәжіліске өту шегін 7-ден 5% төмендетуіміз керек. Осындай шешімді қабылдайтын уақыт келді, өйткені аталған норма заң жүзінде тіркелген партияларды алдағы сайлауларға қатысуға ынталандырады", - дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, дауыс саны жетпей қалған кей партияларда білікті әрі білімді азаматтар баршылық.

Бұдан өзге мемлекет басшысы 2021 жылы ауылдық округ әкімдерінің сайлауы өтетінін мәлімдеді.

"Тағы бір маңызды қадам – ауыл әкімдерін сайлау. Биыл жекелеген ауылдық округтерде сайлау өтеді. Біз жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін ең төменнен бастап нығайтуды көздеп отырмыз. Бұл – өте маңызды мәселе", - деді президент.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1893931-memleket-bassysy-parlamentti-aldynda-mayzdy-eki-mindet-tr/