Тоқаев: Биыл жекелеген ауылдық округтерде сайлау өтеді
Опубликовано:

VII шақырылымдағы парламенттің 1-сессиясына қатысып жатқан мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл ауыл әкімдерінің сайлауы өтетінін айтты деп хабарлайды Ақорда Twitter әлеуметтік желісіндегі парақшасында.
"Тағы бір маңызды қадам – ауыл әкімдерін сайлау. Биыл жекелеген ауылдық округтерде сайлау өтеді. Біз жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін ең төменнен бастап нығайтуды көздеп отырмыз. Бұл – өте маңызды мәселе", - деді президент.
Еске сала кетсек, Қазақстанда 10 қаңтарда мәжіліс пен мәслихат сайлауы өтті. Оған "Қазақстан халық партиясы", "Nur Otan", "Ауыл" халықтық-демократиялық патриоттық партиясы, "Ақ жол" демократиялық партиясы, "Адал" саяси партиясы қатысты.
12 қаңтар күні Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясы парламенттік сайлаудағы дауыс берудің соңғы нәтижелерін жариялады.
Оған сәйкес, "Nur Otan" партиясы 71,09%, "Ақ жол" демократиялық партиясы 10,95%, "Қазақстан халық партиясы" 9,10%, "Ауыл" халықтық-демократиялық партиясы 5,29% "Адал" саяси партиясы 3,57% дауыс жинады.
Дауыс беру қортындысы бойынша үш партия - "Nur Otan", "Ақ жол" және ҚХП мәжіліске өтті.
Ал 14 қаңтарда Орталық сайлау комиссиясы жетінші шақырылымдағы мәжіліс депутаттарын тіркеді. Оларға жеке куәліктер мен төсбелгілер табысталды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1893918-tokaev-biyl-zekelegen-auyldyk-okrugterde-sajlau-tedi/