RU

Жеті баланың әкесі Семей қаласының әкімі болып тағайындалды

Нұрымбек Сақтағанов
Фото: Facebook/ Семей қаласының әкімдігі

ШҚО әкімі Даниал Ахметовтің өкімімен Семей қаласының жаңа әкімі тағайындалды. Шаһарды енді Ұлан ауданының әкімі болған Нұрымбет Сақтағанов басқарады.

Семей қаласы әкімдігі баспасөз қызметінің Facebook парақшасында жазуынша, бүгін қалалық мәслихаттың кезектен тыс ІІ сессиясы өткен.

Онда депутаттар көпшілік дауыспен қала басшысы қызметіне Нұрымбет Сақтағановтың кандидатурасын қолдаған.

Жаңа әкімді активке Даниал Ахметов таныстырды. Өңір басшысы бұрынғы әкім Ермак Сәлімовке жұмысы үшін алғыс айтып, одан әрі облыс әкімінің тұрғын үй-құрылыс мәселелері жөніндегі кеңесшісі болатынын атап өтті.

Нұрымбет Аманұлы Сақтағанов 1970 жылы 6 тамызда Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Қызылорда педагогикалық институтын, Қызылорда аграрлық-техникалық колледжін, МЭСА дистанциялық білім беру институтын, МЭСА Қызылорда экономика, статистика және ақпарат институтын, С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік институтын мұғалім, заңгер, экономика және бизнес мамандықтары бойынша тәмамдаған.

Еңбек қызметін 1992 жылы Қызылордадағы № 172 орта мектебінде мұғалім болып бастаған.

1993-1994 жылдары ҚР ҚК қатарында болып, әскерден кейін Қызылордадағы № 9 орта мектепте жұмысын жалғастырған.

1995-2001 жылдары Қызылорда облысы бойынша Кеден басқармасының инспекторы, аға инспекторы, бас инспекторы, бөлім бастығы, бөлім бастығының орынбасары болып жұмыс істеген.

2001-2006 жылдары - Мемлекеттік кіріс министрлігі Кеден комитетінде бас инспектор, төрағаның көмекшісі, бөлім бастығы болды.

2006-2007 жылдары - парламенттегі үкімет өкілдігінің бас инспекторы, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінде бөлім бастығы, министрдің кеңесшісі қызметін атқарған.

2007-2010 жылдары еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің көші-қон комитеті төрағасының орынбасары болған.

2010-2012 жылдары президент әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы.

2012-2015 жылдары ШҚО әкімінің орынбасары, 2015-2018 жылдары ШҚО әкімінің бірінші орынбасары болған.

2018 жылдан бүгінге дейін Ұлан ауданы әкімі қызметін атқарды.

Айта кетейік, Нұрымбет Сақтағанов жеті бала тәрбиелеп отырған көпбалалы әке.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1895450-semej-kalasyna-zeti-balany-kesi-kim-bolyp-tagajyndaldy/