RU

Сапарбаев: Әлеуметтік кәсіпкерліктің әлеуетін арттыру – басым бағыт

Бердібек Сапарбаев
Бердібек Сапарбаев. Фото: Тараз қаласының әкімдігі

«Көне-Тараз» тарихи этно-мәдени кешенінде Жамбыл облысы əкімдігі мен Қазақстан Республикасының Еңбек жəне халықты əлеуметтік қорғау минстрлігінің ұйымдастыруымен «Əлеуметтік кəсіпкерлік: қоғам мен бизнестің бірлескен жетістігі» тақырыбында халықаралық форумы өтті. Оған онлайн режімінде АҚШ, Ресей, Индия, Израиль жəне ТМД елдерінің өкілдерімен қатар өңір кəсіпкерлері қатысты.

Аталған кешеннің көрме залына түрлі бағдарламалар мен жобаларға қатысып, өз жеке кәсібін ашқан кəсіпкерлердің өндірген өнімі мен қолынан шыққан дүниелері көрмеде көрсетілді. Форумның ашылуы алдында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Е.Аукенов, қонақтар өңірімізде әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға үлес қосып отырған көпбалалы аналар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтардың көрмеге қойылған кондитерлік, сүт, қолөнер мен жиһаз, аяқ киім, қуыршақтар мен қыз жасаулары бұйымдарымен танысты.

Соның ішінде қайтарымсыз грант ұтып алған меркілік жеке кəсіпкер Ұшан Өмірзақова кондитерлік цех ашып, жұмысын жолға қойған. Ал шулық жеке кəсіпкер, көпбалалы ана Сайра Тілеуханова «Еңбек» бағдарламасы аясында 5 миллион теңге несиесіне сүт өңдейтін цех ашып, пастерленген сүт, айран, сары май, құрт пен ірімшік, тағы басқа да сүт өнімдерін өндіруде. Бұл жұмысты ол қорасындағы 20 сауын сиырды сауып жүргізіп отырғанын айтты.

Өнертапқыш, екінші топтағы мүмкіндігі шектеулі азамат Рауан Рауылбековтың өз бетінше жүріп-тұру мүмкіндігінен айырылған азаматтарға арналған «Метрон» механикалық қозғалтқышы облыс басшысын да таң-тамаша қалдырды. Рауан бұл құралды жасап шығу үшін 3 миллион теңге несие алып, жұмысын бастап кетіпті. Қазір оның тірек-қимыл жүйесі бұзылған азаматтарға жасап жатқан мұндай аппараты 200 мың теңгеден сатылуда. Ол мүмкіндігінің шектеулі екеніне қарамастан төрт адамды жұмыспен қамтып, бұдан бөлек тапсырыспен басқа да бұйымдар жасап жатқанын жеткізді.

Əлеуметтік кəсіпкерлік форумы
Фото: Тараз қаласының әкімдігі

Бұдан бөлек, түрлі жиһаздар мен кәдесыйлар, қуыршақтар, былғары аяқ киімдер мен қыз жасауын тігіп, оны кәсіп көзіне айналдырған әлеуметтік топтағы кәсіпкерлердің барлығының жұмысымен жеке танысып шыққан қонақтар олардың әрбірінің бастаған жұмысына сәттілік тіледі.

Халықаралық форумға Ресейден, Түркиядан, ТМД-ның өзге елдерінен қонақтар келіп, қатысып отыр. Бұл шараны өткізудегі негізгі мақсатымыз өңіріміздегі әлеуметтік кəсіпкерлікті дамыту. Мемлекет тарапынан көп балалы, аз қамтылған мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өз кəсібін ашып, қоғамға тартылуына жәрдемдесу. Олардың мəселесін форумда талқылап, шет елдік әріптестеріміздің тәжірибесіне сүйене отырып бірлесе шешу.

Өздеріңіз жақсы білесіздер, тәуелсіздікті алған жылдан бастап Елбасы-Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев халыққа арнаған Жолдауларында елімізде кəсіпкерлікті дамытуға барынша басымдық беріп келеді. Соның ішінде əлеуметтік топтағы азаматтардың да өз жеке кəсібін ашуына барлық жағдай қаралған. Сол тұста алдымызға қойылған меже – жеке кəсіпкерлікті 30 пайызға жеткізу болатын.

Əлеуметтік кəсіпкерлік форумы
Фото: Тараз қаласының әкімдігі

Қазіргі таңда əлеуметтік кəсіпкерлікті дамыту бойынша жаңа заң Парламенттің қарауында. Ол заң қабылданса əлеуметтік кəсіпкерліктің статусы анықталып, салықта түрлі жеңілдіктер қаралып, басқа да мүмкіндіктер жасалады деген сенімдемін, - деді Бердібек Сапарбаев.

Сондай-ақ облыс əкімі осы санаттағы азаматтардың бүгінгі таңда 500-мыңнан 5 миллион теңгеге дейін қайтарымсыз грант және несие алып, өз кəсібін ашып жатқандардың аз емес екенін жеткізді.

«Бұдан бөлек, өңір кəсіпкерлерінің демеушілігімен өткен жылдары 83 мыңдай мүмкіндігі шектеулі азаматқа 37 миллиард теңгенің көмегі берілді» - дей келіп, облыс басшысы «Асарлатып үй салу» және «Жомарт түлек» жобалары аясында атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталып өтті.

Келесі кезекте сөз алған Қазақстан Республикасының Еңбек жəне халықты əлеуметтік қорғау министрі Серік Шапкенов онлайн байланыста халықаралық форумның мақсатымен таныстырды.

"Алдымен бүгін шетелдік əріптестерімізбен форум аясында тəжірибе алмасуға бар мүмкіндікті жасап отырған Жамбыл облысы əкімдігіне рақметімді айтқым келеді. Бұл форумның басты мақсаты – әлеуметтік топқа жататын және мүмкіндігі шектеулі азаматтардың мəселесін шешу. Оларды қоғамдық ортаға, кəсіпке бет бұруға тарта отырып, қоғамнан не аламын деп емес, қоғамға мен не бере аламын деген қағидамен олардың өмірге деген құлшынысын арттыру. Осы форумнан кейін біздің ортамызда өзін көрсете алмай отырған мүмкіндігі шектеулі азаматтар əлеуметтік кəсіпкерлікті дамыту жобасы аясында өзін көрсетуге, кəсібін ашуға мүмкіндік алады деген сенімдемін. Олар форумға қатысу арқылы кəсіпкерлерге қандай қолдау көрсетілетінін білетін болады. Шетелдік мамандардың тәжірибесіне сүйене отырып жұмысын жолға қояды", - деді министр.

Форумға Израильдің Қазақстан Республикасындағы Елшісі Лиат Вексельман ханым қатысып, екі ел арасындағы қарым-қатынас тарихына тоқталып, әлеуметтік кәсіпкерлерге қолдау көрсетіп, әлеуметтік жобаларды дамытуға грант бөлетін MASHAV бағдарламасы туралы айтып берді. Сондай-ақ, ол тәжірибе алмасу үшін қазақстандықтарды Израиль мемлекетіне шақырып, ол үшін арнайы бағдарламалардың тиімділігін тілге тиек етті. Айталық, өткен жылы 12 адамнан тұратын қазақстандық делегациясы Израильге әлеуметтік кәсіпкерлік тақырыбы бойынша арнайы барып, 10 күндік теориялық шеберлік сыныптармен қамтылған әлеуметтік кәсіпорындар бойынша сабақтардан өткен.

Лиат Векселман ауқымды халықаралық форумның ұйымдастырушылары мен қатысушыларына алғысын білдіріп, Израиль бұл бағытта Жамбыл облысын тікелей қолдауға дайын екенін жеткізді.

Одан әрі халықаралық форумды әлеуметтік кәсіпкер-модератор Эмин Аскеров жүргізді. Форумда Еуропалық қайта құру және даму банкінің шағын және орта бизнесті қаржыландыру және дамыту тобының жоба маманы Мұрат Нарқұлов, «Жамбыл облысының коммерциялық емес ұйымдарының қауымдастығы» ЗТБ төрағасы Айнұр Заурбекова атқарып отырған өз жұмыстарымен таныстырды. Ал АҚШ-тың Қазақстандағы Бас консулдығының мәдени кеңесшісі Ананд Кришна болса, әлеуметтік кәсіпкерлікті еліміздің Нұр-Сұлтан, Алматы мен Талдықорған қалаларында дамыту үшін ондағы кәсіпкерлерге қандай көмек көрсетіп жатқандығын сөз етті.

Бангладештік экономика ғылымының профессоры, әлеуметтік кәсіпкерлік саласындағы Нобель сыйлығының лауреаты Мохамед Юнус, әлеуметтік инвестициялар және кәсіпкерлік саласындағы жетекші ресейлік сарапшы Сергей Голубев және «Әлеуметтік кәсіпкерлер қауымдастығы» Қырғызстанның басқарма төрағасы Бақытбек Сағыналы бұл саладағы өз тәжірибелерімен бөлісті.

Израильдің үздік әлеуметтік кәсіпкері Хайм Философ осы бағытта Қазақстанмен тығыз байланыста жұмыс істеп жатқанын айтты. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев осы бір мүмкіндікті пайдалана отырып оған өз алғысын жеткізді.

"Сіздермен көптен бері бірлесе жұмыс істеп келеміз. Израиль билігі Арал мәселесіне көңіл аударып, оны құтқаруға да атсалысқан болатын. ШҚО, Ақтөбе облысында әлеуметтік кәсіпкерлік саласын дамытуды да сіздер көмек көрсеттіңіздер. Әлі де тәжірибелеріңізбен бөлісіп жүрсіздер. Сіздермен еліміздің бірнеше облысы бірлесе жұмыс істеуде. бірақ оның ішінде Жамбыл облысы жоқ. Алдағы уақытта байланысымызды жандандырып, сіздермен жұмыс істеуге дайынбыз", - деді өңір басшысы.

Ал Тәжікстандағы әйелдер кәсіпкерлігі күнінің елшісі Насибахон Аминова Жамбыл өңірі мен Душанбе арасындағы туризмді дамытуды сөз етті. Сондай-ақ, қыш-керамикадан түрлі бұйымдар жасау өнерін қолдау, сол арқылы бірегей өндірісті алға жылжыту идеясын ұсынды. Бұл ұсынысты бірден қолдаған Бердібек Машбекұлы Тараз бен Душанбе арасында ашылғалы отырған әуе рейсі екі қала арасындағы, соның ішіндегі екі мың жылдық тарихы бар Тараз туризімін және қолөнерін танытуға өз ықпалын тигізетініне сенімді екенін жеткізді.

Өз кезегінде форум модераторы – қазақстандық ең танымал әлеуметтік кәсіпкер Эмин Аскеров осы бағытты дамытудың маңыздылығына, сондай-ақ бүкіл елдегі әлеуметтік бірлестіктердің өкілдерін біріктіру қажеттілігіне тоқталды. Сондай-ақ, Еуропалық қайта құру және даму банкін тарта отырып Жамбыл облысындағы аудан мен ауылдардағы шағын және орта бизнес пен әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуғаа қатысты ойларын ортаға салды. Осыған байланысты Медер Аматов бизнес-жаттықтырушы ретінде барлық белсенді кәсіпкерлерді және әлеуметтік кәсіпкерлікке қызығушылық танытушыларды оқытуға келісімін берді. Осы орайда айта кеткен жөн, Жамбыл облысының аудандарын қолдауға бағытталған бағдарлама құру өзара жоспарлануда.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1918828-saparbaev-aleumettik-kasipkerliktin-aleuetin-arttyru-basym-bagyt/