Тәжікстанға да, Өзбекстанға да бармаған: Ашраф Гани Қазақстанда болуы мүмкін бе
Жарияланған күні:
Еліміздің сыртқы істер министрлігі Ауғанстанның бұрынғы президенті Ашраф Гани Қазақстанға келуі мүмкін бе деген сауалға жауап берді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Сыртқы істер министрлігінің мәлімдеуінше, Ашраф Гани Қазақстанда жоқ.
РИА Новостидің жазуынша, Ауғанстан экс-президентінің ұшағы Тәжікстан аумағына да қонбаған. Бұл туралы Тәжікстанның сыртқы істер министрлігі хабарлаған.
"Тәжік тарапы ауған тарапынан тиісті өтініш алмағанын айта кету керек", - дейді ведомство.
Одан бөлек, Ауғанстанның Ташкенттегі елшілігі де Ашраф Ганидің Өзбекстанға келмегенін хабарлаған.
"Бізде мұндай деректер болмағандықтан, бұл ақпаратты растай алмаймыз", - дейді елшілік өкілі.
Еске сала кетейік, күні кеше тәліптер Ауғанстан астанасы - Кабулды шабуыл жасамай-ақ бағындырған еді. Ауғанстан президенті Ашраф Гани өз өкілеттігін тоқтатып, елден кетті.
Гани мұндай шешімді Кабулда "қантөгісті болдырмау" үшін қабылдағанын жазды. Айтуынша, "Талибан" өзін ел басшылығынан кетіру үшін осындай әрекетке баруға дайын болған.
Кейін катарлық Al-Jazeera телеарнасы Ашраф Гани мінген ұшақ Тәжікстанға бет алғанын хабарлады. Мемлекет басшысының жеке күзетшісінің айтуынша, одан әрі Гани әйелі, кеңесшісі және кеңсесінің директорымен бірге Ташкентке бет алған.
Ал тәліптер елде 20 жылдық соғыстың аяқталғанын хабарлады. Дегенмен Кабул әуежайында дүрбелең басталып, мыңдаған адам ауған астанасынан қашуға тырысты.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1927351-tazikstanga-da-ozbekstanga-da-barmagan-asraf-gani-qazaqstanda-boluy-mumkin-be/