Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ресейден көмек сұрауға мәжбүрміз": Елімізде дизель отынының тапшылығы туындады

Опубликовано:

Дизель отыны
Көрнекі сурет: pixabay.com

Еліміздің батыс өңірінде жүк көлігінің жүргізушілері ереуілдетіп жатыр. Олар дизель отынының тапшылығына шағымдануда. Айтуларынша, бүгінде Ақтөбеде бір қолға – 50 литр, Атырау мен Оралда жүз литрден артық бермейді деп хабарлайды КТК арнасы.

Оның өзін алу үшін жанармай бекетіндегі дүкеннен сауда жасау қажет дейді Атырау облысындағы ауыр жүк көлігінің жүргізушілері.

"Тәулігіне бір-ақ рет береді. Тек "Қазмұнайгазда". Онда да 100 литрден. Онымен ешқайда шыға алмаймыз, жетпейді. Басқа не істейміз?! Күтіп, осы жерде жатырмыз. Удай қымбат. Бір жерде 298 теңгеге дейін барып жатыр", - дейді Атырау қаласының тұрғыны Таңат Қауменов.

Ақтөбелік көлік жүргізушілерінің де өкпесі қара қазандай. Бұл жақта тіпті бір көлікке небәрі 50 литр ғана дизель отыны құйылады. Жүргізушілердің айтуынша, сұйық отын алу үшін бекеттегі дүкеннен кем дегенде бес мыңға сауда жасауға мәжбүр.

"Жүз литр солярка алсаң, 5 мыңға тауар аласың дейді. Тауар өткізуіміз керек дейді. Осы сәтті пайдаланып жатыр. Солярка бермейді. Енді қайтесің? Аласың", - дейді Ақтөбе қаласының тұрғыны Талғат Бектауов.

"Біздің мына жүк көліктерінің шығынына 50 литр деген дым болмайды. Енді 35 литр жүз шақырымға ғана жетеді. Сонда 50 литрмен 150 шақырым жүреміз. Әр 150 шақырым сайын жанармай бекеті болса жақсы. Ол атымен жоқ", - дейді қаланың өзге тұрғыны Әділбек Махмұтов.

Бүгінде Ақтөбе облысындағы қорда небәрі 2 мың тонна дизель отыны қалған. Оның өзі бірер күнге ғана жетеді.

Телеарна мәліметінше, шенеуніктер шектеуге қарсы ешқандай шара қолдана алмайтынын алға тартып отыр. Себебі, мұнай өңдеу зауытындағы жөндеуге байланысты аймақтағы қорда жанармай азайған. Сондықтан көршілес Ресейден көмек сұрауға мәжбүр.

"Қазір Ресейден 5 жарым мың тонна дизель отынын әкелу мәселесімен жұмыс пысықталып жатыр. Сол келгеннен кейін кішкене жағдай тұрақталады", - дейді Ақтөбе облысы кәсіпкерлік басқармасының бөлім басшысы Думан Дәулетияров.

Павлодардағы мұнай өңдеу зауытындағы жөндеу жұмыстары дизель отынының тапшылығына басты себеп. Қордағы жанармайдың аздығын сылтау еткендер, қазір құнын қымбаттатып әлек. Бұрын литрі 200 теңгеге жетпейтін дизель отыны қазір 270-300 теңгеге дейін сатылып жатыр.

Дереккөз: КТК арнасы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1935598-reseiden-komek-surauga-mazburmiz-elimizde-dizel-otynynyn-tapsylygy-tuyndady/

pixel