RU

Қазақстандағы тәртіпсіздіктер: Тоқаев еліміздің экономикалық шығынын бағалады

Алматы
Алматы, 6-7 қаңтар. Фото: NUR.KZ / Владимир Третьяков

Еуропалық кеңестің президенті Шарль Мишельмен бейнебайланыс режимінде екіжақты келіссөз жүргізген президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттің экономикалық шығынын болжады. Бұл туралы Ақорданың ресми сайты жазды.

Өзара достық пен сенімге негізделген әңгімелесу барысында тараптар Қазақстандағы қазіргі ішкі саяси ахуалды және Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы стратегиялық серіктестіктің даму перспективаларын талқылады.

Шарль Мишельдің өтініші бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі қазіргі оқиғалардың себептері мен қабылданып жатқан мемлекеттік шаралар жөнінде мәлімет берді. Президент конституциялық құрылысқа нұқсан келтіріп, мемлекеттік төңкеріс жасауға ұмтылған террористер мен бұзақылардың зорлық-зомбылық әрекеттері туралы айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың бағалауынша, мемлекеттің алдын ала экономикалық шығыны 2-3 миллиард АҚШ долларын құрайды.

Президент болған қайғылы оқиғаларды аса ауыр агрессиялық акт және мемлекеттілігімізге жасалған қастандық деп атады.

"Мұның террорлық шабуыл екеніне ешқандай күмәнім жоқ. Бұл – Қазақстанға қарсы жақсы ұйымдасқан, әбден дайындалған агрессиялық акт", - деді Тоқаев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1950360-qazaqstandagy-tartipsizdikter-toqaev-memlekettin-ekonomikalyq-sygynyn-bolzady/