Ресей-Украина келіссөздерінің екінші кезеңі аяқталды: Тараптар қандай келісімге келді
Жарияланған күні:
Беларусьте өткен Ресей-Украина келіссөздерінің екінші кезеңі аяқталды. Тараптар қандай келісімге келгенін ТАСС агенттігі хабарлайды.
Ресей президентінің көмекшісі, ресейлік делегацияны бастап барған Владимир Мединскийдің журналистерге хабарлауынша, тараптар бірқатар мәселе бойынша өзара мәмілеге келе алған.
Ал Украина президенті кеңсесі басшысының кеңесшісі Михаил Подоляк гуманитарлық дәліз мәселесі бойынша ғана келісім жасалғанын хабарлады.
2,5 сағатқа созылған келіссөздердің екінші кезеңінде көтерілген негізгі мәселелер келесідей:
Гуманитарлық дәліздер
Ресей мен Украина қиян-кескі ұрыс аймақтарындағы бейбіт тұрғындарды эвакуациялау үшін гуманитарлық дәліздер ашу, дәрі-дәрмек пен азық-түлік жеткізу мәселесі жөнінде келісімге келген.
Мединскийдің айтуынша, әскери ведомстко өкілдері де азаматтық тұрғындарды эвакуациялау кезінде гуманитарлық дәліздер секторында ұрыс қимылдары уақытша тоқтатылуы мүмкін деген келісім жасасқан. Михаил Подоляк та, атыс тек осы аудандарда тоқтайтынын растады.
Жақын уақытта қос тарап дәліздерді ұйымдастыру үшін арнайы байланыс каналын ұйымдастырып, логистика процедураларын пысықтайды.
Саяси аспектілер
Мединскийдің хабарлауынша, тараптар гуманитарлық мәселелерді ғана емес, болашақта саяси жанжалды реттеу мәселесін де талқылаған. Дегенмен, ол мән-жайды ашып айтпады.
Михаил Подоляктың сөзінше, Украина тарабы гуманитарлық дәліздерден басқа, ешқандай нәтижеге қол жеткізбеген.
Кездесудің үшінші кезеңі
Жақын уақытта үшінші мәрте келіссөздер жүргізіледі. Ол да Беларусь аумағында өтуі мүмкін. Подоляктың айтуынша, кездеу келесі аптаның басында ұйымдастырылады.
Ресей мемлекеттік думасының халықаралық істер бойынша комитетінің басшысы Леонид Слуцкийдің мәлімдеуінше, келіссөздердің үшінші кезеңінде тараптар жоғарғы деңгейде бекітіп, парламентте ратификациялауды қажет ететін келісімге қол жеткізуі мүмкін.
Дегенмен, депутат саяси бөлікке қатысты тұсын келісу үшін бірнеше кездесу қажет болуы мүмкін екенін айта кетті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1959196-resei-ukraina-kelissozderinin-ekinsi-kezeni-ayaqtaldy-taraptar-qandai-kelisimge-keldi/