Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тоқаев пен Жапаров жүргізген келіссөзден кейін қандай құжаттарға қол қойылды

Опубликовано:

Қазақстан мен Қырғызстан президенттері кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді
Фото: t.me/bort_01

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қырғызстан президент Садыр Жапаров кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді, деп хабарлайды Ақорда.

Ақорданың мәліметінше, Қасым-Жомарт Тоқаев шағын форматта өткен келіссөздердің нәтижесіне көңілі толатынын атап өтіп, Садыр Жапаровтың елімізбен арадағы көпжақты серіктестікті тереңдетуге деген ниетін жоғары бағалады.

"Мен өз тарапымнан Қазақстанның қазақ-қырғыз қатынастарын достық, тату көршілік және шынайы одақтастық рухында жан-жақты нығайтудың стратегиялық бағытына берік екенін атап өткім келеді", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент қырғыз көшбасшысының Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапарының қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтардың табысты жүзеге асырылып жатқанын айтты.

Атап айтқанда, екі ел үкіметтері арасындағы байланыстардың жандануы, жаңғырған "Қордай – Ақ жол" өткізу бекетінің ашылуы, тұрақты гуманитарлық көмек көрсету және электр энергиясымен алмасу жөнінде сөз болды.

Қасым-Жомарт Тоқаев
Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев облыстар мен өңірлер арасындағы кең ауқымды ықпалдастықты жолға қоюдың маңызды екенін атап өтті. Осы ретте, президент Қазақстан мен Қырғызстан арасында бірінші Өңіраралық ынтымақтастық форумын тез арада ұйымдастырудың маңызды екенін айтты.

Мемлекет басшысы өзара тиімді ұсыныстарды зерделеп және перспективті жобалардың тізімін жасай отырып, инвестициялық ынтымақтастықты жандандыруға шақырды. Қырғызстанда гидроэнергетикалық нысанды, атап айтқанда Қамбар ата ГЭС-ін бірлесіп салу соның бірі болуы мүмкін.

Келіссөздер барысында су дипломатиясы, ақпараттық технология саласындағы кооперацияны нығайту мәселелері қарастырылды.

Қазақстан мен Қырғызстан президенттері кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді
Фото: Ақорда

Қырғызстан президенті өз кезегінде екіжақты қатынастардың қарқынды дамып келе жатқанын айтты.

"Мемлекеттеріміз арасында ешқандай саяси қайшылық жоқ. Ең бастысы – осы. Қырғызстан мен Қазақстан күш біріктіре отырып, екіжақты байланыстарды одан әрі нығайтуды, сондай-ақ аймақтық тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайту үшін өңіраралық және халықаралық құрылымдар аясындағы конструктивті ықпалдастықты қамтамасыз ететіні жөнінде айқын түсінік бар", – деді Қырғызстан президенті.

Келіссөздер қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаров екіжақты ынтымақтастықты мейлінше жаңа деңгейге көтеруге, серіктестікті одан әрі жандандыруға және халықаралық аренадағы іс-қимылдарды үйлестіруге бағытталған бірлескен мәлімдемеге қол қойды.

Қазақстан мен Қырғызстан президенттері кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді
Фото: Ақорда

Содан кейін мемлекет басшыларының қатысуымен ресми делегациялардың мүшелері мынадай құжаттарға қол қойды:

  1. Қазақстан Республикасының Алматы облысының әкімдігі мен Қырғыз Республикасының Ыстықкөл облысының өкілетті өкілінің аппараты арасындағы Ынтымақтастықты нығайту байланысты келісімді жасасу ниеті туралы хаттама;
  2. Қазақстан Республикасының Түркістан облысының әкімдігі мен Қырғыз Республикасының Ош облысы өкілетті өкілінің аппараты арасындағы Ынтымақтастық туралы меморандум;
  3. Қазақстан Республикасының Жамбыл облысының әкімдігі мен Қырғыз Республикасының Талас облысы өкілетті өкілінің аппараты арасындағы Ынтымақтастық туралы меморандум;
  4. Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі, Қырғыз Республикасының Экономика және коммерция министрлігі және «JOINT TECHNOLOGIES» Жауапкершілік шектеулі серіктестігі арасындағы «Ақ тілек» және «Қарасу» автожол өткізу пункттері ауданындағы индустриялық сауда-логистикалық кешен инфрақұрылымына инвестициялау туралы меморандум;
  5. Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Қырғыз Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
  6. Шекара маңы аумақтарында табиғи өрттердің профилактикасы және оларды сөндіру жөніндегі үкіметаралық келісім;
  7. Авиациялық іздестіру және құтқару саласындағы ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісім;
  8. 2006 жылғы 4 шілдедегі Қырғыз Республикасының Үкіметі мен Қазақстан Республикасының Үкіметі арасындағы Білім беру саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттама;
  9. 1996 жылғы 26 тамыздағы Қырғыз Республикасы мен Қазақстан Республикасы арасындағы Азаматтық және қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек көрсету туралы шартқа өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттама;
  10. Дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына орай 2022 жылға арналған Сыртқы істер министрліктері арасындағы бірлескен іс-шаралар жоспары.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1971161-toqaev-pen-zaparov-zurgizgen-kelissozden-keiin-qandai-quzattarga-qol-qoiyldy/

pixel