"Қолдаймын": Бағдат Мусин шетелге жұмыс істеуге кетіп жатқан жастар туралы айтты
Жарияланған күні:
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин елімізден шетелге кетіп жатқан жастар туралы не ойлайтынын білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Бұл туралы министр Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.
"Жуырда журналистер менен шетелдік ірі команияларда жұмыс істеуге кетіп жатқан жастарымыз туралы ойымды сұрады. Мен оларды қолдаймын!
Бұл ретте Үндістан мен Қытайды мысалға келтіруге болады – бұл елдердің мыңдаған жас азаматтары штаттарда және басқа мемлекеттерде жұмыс істейді. Солардың кейбіреуі мықты компанияларды басқаруда, әлемдегі ірі компаниялардың басшылығында кезінде өз елінен кеткен кісілер жүр.
Мұндай үрдістің нәтижесі қандай?
Бұл кісілер қазір өз отанына инвестиция құюда, өкілдіктерін ашып, туған елдерін дамытуға үлкен үлестерін қосып жатыр.
Біздің де шетел асып, ірі компанияларда жұмыс істеп жатқан жастарымыз жетерлік, олар да өз еліне жаны ашып, қолдау көрсетіп жатыр – қажетті кеңес беру, маңызды адамдармен таныстыру, кейде тіпті ірі компаниялармен меморандум жасауға ат салысуда.
Мысалы, Binance Earn компаниясындағы Business Development director қызметіндегі Рауан Сағидулла, ЦДИАӨМ вице-министрі Жаслан Мадиев бастаған әріптестеріммен бірге әлемдік криптобиржа лидері Чанпэн Чжаоның Қазақстанға сапарын ұйымдастырып, меморандумға қол қоюға жол ашты.
Баршаңызға ел болашағы үшін жасаған осындай еңбектеріңіз үшін алғыс айтамын, ал халықаралық компанияларға орналасып жатқан және шетелдік ЖОО-да білім алып жүрген отандастарыма сәттілік тілеймін!
Қазақстандықтардың өз еліне деген ыстық ықыласына күмәнім жоқ, сондықтан олар міндетті түрде туған жердің игілігі үшін қызмет етіп, алдағы уақытта елге оралатындарына сенімдімін!" - деді Бағдат Мусин.
Еске сала кетейік, бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлемдегі ірі Binance криптобиржасының негізін қалаушы әрі бас директоры Чанпен Чжаоны қабылдағанын жазған едік.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1971424-qoldaimyn-bagdat-musin-setelge-zumys-isteuge-ketip-zatqan-zastar-turaly-aitty/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.