Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Кінәмді мойындаймын және өкінемін": Сатыбалдыұлы 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасына келісетінін айтты

Жарияланған күні:

Қайрат Сатыбалдыұлы
Қайрат Сатыбалдыұлы. Фото: ulttyqsport.kz

Елордада сотталушылар қатарында Қайрат Сатыбалдыұлы бар іс бойынша сот отырысы жалғасуда. Прокурор сотталушылар кінәсін мойындап, процессуалдық келісімге қол қойғанын мәлімдеді. Келісімге сәйкес, Сатыбалдыұлына 6 жылға бас бостандығынан айыру, мүлкін тәркілеу және генерал-майор атағынан айыру сынды жаза қарастырылған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Прокурордың мәлімдеуінше, сотталушылар Сатыбалдыұлы, Мұхамеджанұлы, Бекетов, Қоңырбаев және Муравьев процессуалдық келісімге қол қойған.

Келісім мазмұнына сай, аталған азаматтар қылмыс жасағаны үшін кінәсін мойындайды және келтірілген шығын мөлшерін жоққа шығармайды.

"Кінәні мойындау туралы осы келісімге сәйкес прокурор сот алдында Қайрат Сатыбалдыұлының мүлкін тәркілеп, сонымен бірге мемлекеттік қызметте, соттарда, жергілікті өзін өзі басқару органдарында, Ұлттық банк пен оның ведомстволарында, Ұлттық компанияларда (...) 10 жыл бойы лауазымды қызмет атқару құқығынан айыра отырып, 6 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындауды сұрайды.

Жазасын өтеу орны ретінде қауіпсіздігі орташа мекеме айқындалсын, президентке Сатыбалдыұлын Ұлттық қауіпсіздік органдарының генерал-майоры атағынан, сондай-ақ "Құрмет" және "Парасат" ордендерінен айыру туралы ұсыныс енгізілсін", - дейді прокурор Жангелді Есебаев.

Судья осы үкімге қатысты пікірін білу үшін Сатыбалдыұлына сөз берді.

"Келісімнің мәні маған түсінікті, мен кінәмді мойындаймын, өкінемін және процессуалдық келісімнің барлық тармақтарымен келісемін", - деп жауап берді ол.

Сонымен бірге, Қайрат Сатыбалдыұлы прокурор сұраған жазаға да қарсылығы жоқ екенін жеткізді.

Прокурор Сатыбалдыұлының жаза мерзімін алғаш қамауға алынған күннен, яғни 2022 жылғы 13 наурыздан бастап, 1 күнді 1,5 күн ретінде есептеуді ұсынды.

Сот отырысы ертең жалғасады.

Еске сала кетейік, Қайрат Сатыбалдыұлы биыл наурыз айында ұсталған еді. Кәсіпкер лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану және аса ірі көлемде "Қазақтелеком" акционерлік қоғамының қаражатын жымқыру фактісі бойынша деген күдікке ілінді.

Кейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қайрат Сатыбалдыұлына және басқа да тұлғаларға қатысты "Қазақтелеком" АҚ мен "Көліктік сервис орталығы" АҚ қаражатын аса ірі көлемде жымқыру фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеу аяқталғанын мәлім етті.

Қазіргі таңда Сатыбалдыұлы қос компанияға 40 млрд теңге көлеміндегі шығынды өтегені белгілі.

Прокурор аталған жайт жазаны жұмсартуға негіз болған жағдаяттардың бірі болғанын атап өтті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1989149-kinamdi-moiyndaimyn-zane-okinemin-satybaldyuly-6-zylga-bas-bostandygynan-aiyru-zazasyna-moiynsunatynyn-aitty/