Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ешқандай қылмыс жоқ екенін бәріміз көріп отырмыз": Біртанов пен Әбішев сотта соңғы сөзін айтты

Жарияланған күні:

Олжас Әбішев пен Елжан Біртанов
Олжас Әбішев пен Елжан Біртанов. Фото: NUR.KZ/Алена Бутенко

Денсаулық сақтау экс-министрі Елжан Біртанов пен бұрынғы вице-министр Олжас Әбішев сотта соңғы сөзін айтты. Олар кінәсіз екенін және өзіне тағылған айыптың дәлелсіз әрі ойдан шығарылғанын жеткізді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Денсаулық сақтау саласының цифрлық платформасын әзірлеу жобасы туралы сөз қозғаған бұрынғы вице-министр Олжас Әбішев цифрландыруды жүзеге асыруға "медициналық мафия" кедергі болғанын мәлімдеді.

"Цифрландыру медицина мафиясы үшін "тамаққа кеп тірелген сүйек" болды. Олардың қылмыстық жолмен жүзеге асырып отырған табысы күрт азайып кетті, контрабанда жасайтын жолдары жабылды. "Фармацевтикалық мафияның" жауабы көп күттірген жоқ. Нәтижесінде Біртанов екеуіміз сотталушылар қатарында отырмыз. Жемқорлықпен күрестік және осы үшін бізді жазаламақ болды.

(...) Маған тағылған айып бойынша мен кінәлі емеспін. Жасаған әрекеттерімде қылмыстық құрамның жоқтығын негізге ала отырып, мені ақтап алуды сұраймын", - деп мәлімдеді Әбішев.

Сотта сөз алған Елжан Біртанов үйқамақта отырған 2 жыл өзі үшін оңайға соқпағанын жеткізді.

"Қамауға алынған бірінші күннен бастап, әлдебіреу саған бүкіл ел алдында күйе жағып жатқанын сезіп және осы уақытқа дейін жасаған еңбегің күлге айналып... денсаулық сақтау саласына жұмсаған 30 жылың әп-сәтте жоқ болып, өзіңді жемқор, халық жауына айналдырғанын түсінесің. Бұл өте ауыр болды", - дейді ол.

Экс-министр өзін кінәсіз екенін алға тартты. Ол сотта ешқандай қылмыстың болмағаны айқындалғанын жеткізді.

"Сот тергеуі өте күрделі өткеніне қарамастан біз бір қорытындыға келгенімізді, әр тарап сөзін жеткізе алғанын айтқым келеді. Біз іске қатысты барлық материалды зерттедік, куәгердің бәрін, дәлелдер мен айыптауларды тыңдадық және мемлекеттік айыптау мен және Олжас Әбішев қылмыс жасағанымызды дәлелдей алмағанына көз жеткіздік.

Олар толық картинаны ашып айтты, бірақ ол жерден біз қылмысты көре алмадық. Одан бөлек, біз көптеген заң және ҚПК бұзылғанын көрдік, біздің елде олай болмауы керек.

Тергеу әділ болуы керек, ал біз іс қозғалғаннан бастап жалғандыққа басымдық берілгенін көрдік. Куәгерлерге, айыпталушыларға қысым көрсету, азаптаулар, сараптамаларды бұрмалау, заңдарды бұрмалау, Денсаулық сақтау басшылығын бопсалау.

Барлық дәлелдер заңды өрескел бұзу арқылы жиналған. Бұлай болмауға тиіс. Біз тәуелсіз сарапшыларды, мамандарды тыңдадық. Барлығы да тергеу сүйеніп отырған сараптамалар кәсіби емес, әділ емес және жалған екенін алға тартып отыр. Айыптаулар негізсіз екеніне қарамастан, біздің тарап бұл жайттарға әділ баға беретін көптеген дәлелді ұсынды. Ешқандай қылмыстың жоқ екенін бәріміз көріп отырмыз", - дейді Елжан Біртанов соттағы соңғы сөзінде.

Естеріңізге сала кетейік, денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы басшысы Елжан Біртанов 2020 жылдың қазан айында ұсталған болатын.

Оған қарсы аса ірі мөлшерде бюджет қаражатын ысырап етті деген айып тағылды, кейіннен айыптау "лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалану" деп қайта сараланды.

2020 жылдың қараша айында сот Біртановты үйқамақта ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады.

Тергеу барысында экс-министрді үйқамақта ұстау мерзімі сегіз рет ұзартылды.

Біртановтың ісінде екі эпизод қарастырылуда: бірі денсаулық сақтау жүйесіне арналған платформаны әзірлеуге қатысты, екіншісі - санавиация бортымен ұшуына қатысты.

Экс-министрдің өзі барлық айыптауды жоққа шығарып отыр.

Денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы вице-министрі Олжас Әбішев 2020 жылдың мамыр айында ұсталған. Антикордағылардың хабарлауынша, оған бюджеттік қаражатты жымқырды деген айып тағылған. Әбішев вице-министр қызметінде екі жыл бойы жұмыс атқарған. Ол Денсаулық сақтау министрлігінде цифрландыру және ақпараттық қауіпсізік мәселелерімен айналысқан.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1994331-esqandai-qylmys-zoq-ekenin-barimiz-korip-otyrmyz-birtanov-pen-abisev-sotta-songy-sozin-aitty/