Қызылордада көпбалалы отбасыларға жаңа пәтердің кілті табысталды
Жарияланған күні:
Қызылорда қаласы соңғы уақытта қарқынды құрылыс аймағына айналды. Облыс орталығында қала көркін еселеп, ажарын аша түсетін зәулім ғимараттар бой түзеді. Жаңа ықшам аудандар салынып, шаһардың сәулеттік келбеті көркейе түсті.
Қалада жаңа әлеуметтік нысандар салу бастамасы да сәтті жүзеге асып, көпбалалы отбасыларға да мемлекеттік тарапынан үлкен қолдаулар көрсетілуде. Осындай игі істердің жалғасы ретінде облыс әкімі Н. Нәлібаев көпбалалы отбасыларға Сырдария өзенінің сол жағалауынан 40 пәтерлі жаңа арендалық көпқабатты тұрғын үйдің кілтін салтанатты түрде табыстады.
Шарада қоғам қайраткері Айтбай Көшербаев тұрғындарды қуанышымен құттықтап, ақ тілегін арнады. Сондай-ақ, баспаналы болған аналар атынан сөз сөйлеген Әйгерім Нұрадинқызы шексіз қуанышқа кенелгенін жасырмады.
- Мен 5 баланың анасымын. Бүгін қонысқа кіріп, қуанышқа кенелудеміз. Қобалжып та тұрмын. Балаларымның жылы әрі кең үйде тұрып, лайықты білім алғанын қалайтынмын. Шүкір, баспаналы болу бақытын біз де сезіндік. Шаңырағымызда тек жақсылық орнасын,-деді Әйгерім Нұрадинқызы.
2600 шаршы метрді құрайтын 5 қабатты 40 пәтерлік арендалық тұрғын үй «Асар» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің есебінен ұзақ жылдан бері кезекте тұрған көпбалалы аз қамтылған отбасыларға берілді.
Биыл қаржыландырудың барлық көздері есебінен 683 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда.
Аймақта «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 1764 пәтерді құрайтын 41 тұрғын үй құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 1044 пәтерді құрайтын 26 тұрғын үйдің құрылысын жыл аяғына дейін ел игілігіне берілмек.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1998596-qyzylordada-kopbalaly-otbasylarga-zana-paterdin-kilti-tabystaldy/