"Қазақстан Түркияға тиісті көмек көрсетуге дайын": Тоқаев Ердоғанға көңіл айту жеделхатын жолдады
Жарияланған күні:
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияның оңтүстік-шығысында көптеген адам шығынына әкеп соқтырған жер сілкінісіне байланысты осы елдің президенті Режеп Тайип Ердоғанға көңіл айту жеделхатын жолдады. Бұл туралы Ақорда ресми сайтында хабарлады.
"Түркия Республикасында болған аса күшті жер сілкінісі салдарынан көптеген адамның қаза тапқаны туралы суыт хабарды зор күйзеліспен қабылдадым. Осындай қиын сәтте жақындарынан айырылған отбасыларға, сондай-ақ бүкіл түрік ағайындарымыздың ауыр қайғыларына ортақтасып, Қазақстан халқының және жеке өзімнің атымнан көңіл айтамын", – делінген жеделхатта.
Сонымен қатар президент Қазақстанның Түркияға тиісті көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Еске салайық, бүгін түнде Түркияның Газиантеп қаласының маңында магнитудасы 7,5 болатын жер сілкінісі болды. Жер сілкінісінің ошағы Газиантептен 27 шақырым жерде, 10 шақырым тереңдікте орналасқан.
Жер сілкінісі салдарынан Түркия мен Сирияның бірқатар қаласында ғимараттар қирап, Түркияда кемінде 76 адам, Сирияда 237 адам қаза тапқан.
Жер сілкінісі Ливан астанасы Бейрутта да сезілген.
Төтенше жағдайдан кейін Түркияда дабылдың ең жоғары деңгейі бірден бірнеше аймақта жарияланды, бұл халықаралық көмекке сұрау салуды білдіреді.
Түркия президенті Режеп Тайип Ердоғанның айтуынша, құтқарушылар қазірдің өзінде апат салдарын жоюға кіріскен.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2008198-qazaqstan-turkiyaga-tiisti-komek-korsetuge-daiyn-toqaev-erdoganga-konil-aitu-zedelxatyn-zoldady/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.