Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Жәрдемақыны көбейту, микрокредит беру және газ тарифі": парламент сессиясы қалай өтті

Опубликовано:

тақиялы Дәулет Мұқаев
VIII сайланған ҚР Парламентінің бірінші сессиясы. Фото: Telegram/aqorda_resmi

Бүгін, 29 наурыз күні Астанада VIII сайланған парламенттің бірінші сессиясы өтті. KAZ.NUR.KZ сессиядан қызықты суреттер мен маңызды мәлімдемелерді назарға ұсынады.

Сағат онда басталған парламент палаталарының бірлескен отырысында сегізінші шақырылымның бірінші сессиясы ашылды. Ашылу салтанатында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлеп, бірқатар маңызды мәлімдеме жасады.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың парламент палаталарының бірлескен отырысында сөз сөйлеу сәті
Қасым-Жомарт Тоқаев. Фото: Telegram/aqorda_resmi

Президент өз сөзінде мынадай мәселелерді көтерді:

  1. Іскерлік белсенділікті ынталандыру;
  2. Еліміздің өндірістік әлеуетін барынша арттыру;
  3. Инфрақұрылымды дамытуға қатысты ұстанымдарды қайта қарау;
  4. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге баса мән беру;
  5. Адам капиталының сапасын барынша арттыру;
  6. Әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы азаматтарды қолдау;
  7. Адам құқығын қорғау жүйесін нығайтуды жалғастыру;
  8. Мемлекеттік басқарудың тиімділігін және стратегиялық жоспарлаудың сапасын көтеру.
VIII сайланған ҚР Парламентінің бірінші сессиясы
VIII сайланған ҚР Парламентінің бірінші сессиясы. Фото: Telegram / Aqorda

Іскерлік белсенділікті ынталандыру

Президент ең алдымен, әділ, тұрақты әрі ашық салық жүйесін қалыптастыру керек екенін алға тартты. Осы орайда ол фискальдық органдардың бизнеспен қарым-қатынасына қатысты бүкіл процесті толық цифрландыру керек деген пікірде.

VIII сайланған ҚР Парламентінің бірінші сессиясы
VIII сайланған ҚР Парламентінің бірінші сессиясы. Фото: Telegram / Aqorda

Тоқаев сондай-ақ ірі кәсіпорындар және шикізат экспортымен айналысатын компаниялар қазынаға көбірек төлем түсірсе, әділдік болар еді деген ойын ортаға салды. Бұл әлемде бар озық тәжірибе екенін айтқан мемлекет басшысы бүгінде елдегі жағдай түбегейлі өзгергеніне, Әділетті Қазақстан дегеніміз – жалаң ұран еместігіне сендірді.

VIII сайланған парламенттің бірінші сессиясы
VIII сайланған парламенттің бірінші сессиясы. Фото: t.me/aqorda_resmi

Еліміздің өндірістік әлеуетін барынша арттыру

Тоқаев қазба байлықты тиімді және үнемді пайдалану қажет екенін ескертті. Ол үшін президент заңнаманы жақсартып, рәсімдерді жеңілдетуді ұсынды. Геологиялық барлау және кеніштерді игеру ісіне инвестиция тарту да айрықша маңызды екенін айтқан Тоқаев үкімет пен парламент осы салаға қатысты нақты шаралар әзірлеуге тиіс деген тапсырма берді.

VIII сайланған ҚР Парламентінің бірінші сессиясы
VIII сайланған ҚР Парламентінің бірінші сессиясы. Фото: Telegram / Aqorda

Сонымен қатар былтыр тауар газының тапшылығына тап болғанымызды еске салған мемлекет басшысы шетелдегі сияқты әр түрлі тарифтерді бізге де енгізу мүмкіндігін қарастырған жөн екенін айтты.

"Қазіргі уақытта зәулім үйлерін күндіз-түні төмен тарифпен жылытатындар үшін жаңа жүйе бойынша газдың текшеметрі қымбатырақ болуға тиіс. Әлеуметтік әділдік дегеніміз – осы", - деді ол.

VIII сайланған ҚР Парламентінің бірінші сессиясы
VIII сайланған ҚР Парламентінің бірінші сессиясы. Фото: Telegram / Aqorda

Инфрақұрылымды дамыту

Тоқаев Ұлттық инфрақұрылым жоспарын қабылдауды ұсынды. Құжатта осы саладағы басты мәселелер ашық көрсетіліп, 2029 жылға дейін іске асырылатын негізгі жобалар қамтылуы қажет дейді президент.

VIII сайланған ҚР Парламентінің бірінші сессиясы
VIII сайланған ҚР Парламентінің бірінші сессиясы. Фото: Telegram / Aqorda

Мемлекет басшысы өзіне азаматтардан тұрғын үй мәселесі бойынша күн сайын жүздеген өтініш келетінін де айтып қалды. Оның ішінде қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуді сұраған хаттар өте көп дейді ол.

"Тұрғын үй саясаты нарықтағы ахуалға тығыз байланысты. Сондықтан біз осы саладағы саясатымызды қайта қарап, оның мейлінше әділ әрі икемді болуын қамтамасыз етуіміз керек", - деді Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың парламент палаталарының бірлескен отырысында сөз сөйлеу сәті
Қасым-Жомарт Тоқаев. Фото: Telegram/aqorda_resmi

Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету

Президент ауыл шаруашылығы саласындағы тұрғындар үшін жағымды жаңалығын бөлісті. Енді "Ауыл аманаты" жобасы қолға алынады. Ауыл тұрғындарына 5-7 жылға жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие берілетін болады.

VIII сайланған ҚР Парламентінің бірінші сессиясы
VIII сайланған ҚР Парламентінің бірінші сессиясы. Фото: Telegram/aqorda_resmi

Адам капиталының сапасын арттыру

Президент адам капиталының сапасын барынша арттыру мәселесі де оның айрықша назарында екенін айтты. Осы орайда Тоқаев мұғалімдердің, директорлардың және педагогикалық оқу орындары түлектерінің көпшілігі Ұлттық біліктілік емтиханынан өте алмағанына қатысты өз пікірін ортаға салды.

"Маған кейбір тәжірибелі ұстаздар тиісті министрлік дайындаған тапсырмалар тым күрделі деп шағымданды. Бәлкім, оны жеңілдету, жетілдіру керек шығар. Бұл салада қатып қалған қатаң ереже болмауы керек. Бірақ негізі, ұстаздарға қойылатын талап жоғары болуға тиіс", - деді ол.

VIII сайланған ҚР Парламентінің бірінші сессиясы
VIII сайланған ҚР Парламентінің бірінші сессиясы. Фото: Telegram/aqorda_resmi

Медицина қызметкерлеріне қатысты тоқталған Тоқаев олар заң арқылы қорғалуға тиіс екенін ескертті. Парламент осы мәселені ерекше назарға алғаны жөн деп санайды президент.

Ал мәдениет саласында мемлекет басшысы "Қазақстанның халық әртісі" атағын қайта қалпына келтіру туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді. Биыл қазан айында – Республика күнінде осы атаққа лайықты мәдениет қайраткерлерінің алғашқы тобы марапатталады.

Әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы азаматтарды қолдау

Әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы азаматтарды қолдау мәселесінде де жағымды жаңалық айтылды.

"Біз ерекше қажеттілігі бар адамдарды және олардың күтушілерін қолдау шараларын күшейтуіміз қажет. Сондай-ақ асыраушысынан айырылған азаматтар назардан тыс қалмауы керек. Осы орайда үкіметке аталған санаттағы адамдардың жәрдемақысын орта есеппен 14,5 пайызға көбейтуді тапсырамын. Мұны биылғы 1 қыркүйектен бастап қолға алу қажет", - деді президент.

VIII сайланған ҚР Парламентінің бірінші сессиясы
VIII сайланған ҚР Парламентінің бірінші сессиясы. Фото: Telegram/aqorda_resmi

Адам құқығын қорғау жүйесін нығайту

Адам құқығын қорғау жүйесін нығайту мәселесінде Тоқаев мынадай ұсыныстар жасады:

  • Заңнаманың жекелеген нормалары Ата заңға қайшы екені анықталды. Бұл келеңсіздіктер құқық қолдану ісінде қиындықтар туғызады. Конституцияға қайшы мұндай нормалар жарамсыз деп танылады. Осындай ережелерге сүйеніп қабылданған соттың және басқа мемлекеттік органдардың шешімдері қайта қаралуға тиіс.
  • Құқық қорғау саласындағы тағы бір күрделі мәселе – адам саудасы. Бұған тосқауыл қою үшін арнайы заң қабылдау қажет.

Мемлекеттік басқарудың тиімділігін және стратегиялық жоспарлаудың сапасын көтеру

Сайлау алдындағы бағдарламалар және уәделер ретімен орындалуы керек екенін айтқан президент "Қазақстан – 2050" стратегиясын" түбегейлі қайта қарау қажет екенін алға тартты.

Бұл құжатты қазіргі жаһандық үдерістерді ескере отырып, ел дамуының ұзақ мерзімге арналған басымдықтарын айқындайтын стратегияға айналдыру керек дейді ол.

Мемлекет басшысы сөз соңында ұлттың және мемлекеттің мүддесі бәрінен биік тұруға тиіс екенін ескертті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2014500-zardemaqyny-kobeitu-mikrokredit-beru-zane-gaz-tarifi-parlament-sessiyasy-qalai-otti-foto/

pixel