Тоқаев Анкараға жұмыс сапарымен барды (видео)
Жарияланған күні:
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Анкараға жұмыс сапарымен барды. Бұл туралы Ақорда Telegram-дағы ресми арнасында хабарлады.
Президент баспасөз қызметінің мәліметінше, Қасым-Жомарт Тоқаев Анкараға Режеп Тайип Ердоғанның шақыруымен барған.
Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Түркия президентін ұлықтау рәсіміне қатысады.
Айта кетейік, жексенбі, 28 мамырда Түркияда президент сайлауының екінші кезеңі өтіп, сайлау қорытындысы бойынша қазіргі мемлекет басшысы Режеп Тайип Ердоған 52,14 пайыз дауыс жинап, жеңіске жеткен еді.
Кейін әлем көшбасшылары мен халықаралық ұйымдар Ердоғанды президент сайлауындағы жеңісімен құттықтай бастады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та Ердоғанды президент сайлауының екінші кезеңіндегі жарқын жеңісімен құттықтады.
1 маусымда Режеп Тайып Ердоған ресми түрде президенттік сайлаудың жеңімпазы деп танылып, Түркия президенті болып қайта сайланды.
Еске сала кетсек, Түркияда президент сайлауының бірінші кезеңі 14 мамырда өткен болатын. Алайда ол кезде кандидаттардың ешбірі 50 пайыз дауыс жинай алмаған еді.
Ереже бойынша кандидат сайлауда жеңіске жету үшін сайлаушылардың 50 пайыздан астам дауысын жинауы тиіс.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2023257-erdogandy-ulyqtau-rasimine-qatysady-toqaev-ankaraga-zumys-saparymen-bardy/