"Арқалық қаласында 40 пайызға өскен": депутат елімізде сәбилер арасындағы өлім-жітімнің көбейгенін айтып, дабыл қақты
Жарияланған күні:
Бүгін мәжіліс отырысында депутат Берік Бейсенғалиев елімізде сәбилер арасында өлім-жітімнің көбейгенін айтып, Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинаятқызынан бұл мәселені қалай шешуді жоспарлап отырғанын сұрады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Берік Бейсенғалиевтің сөзінше, Қостанай облысының Арқалық қаласында сәби өлімінің көрсеткіші 40 пайызға өскен.
"Қостанай облысының Арқалық қаласында 2021 жылмен салыстырғанда 2022 жылы сәби өлімінің өсу көрсеткіші 40 пайызға ұлғайған. Жалпы республика бойынша сәби өлімі туған 1000 балаға 8,8 пайызды құрайды.
Бұл деңгей басқа елдермен салыстырғанда өте жоғары. Мұның негізгі себептері - денсаулық сақтау мекемелерінің материалдық техникалық қамтамасыз етілу деңгейінің төмендігі, білімді медициналық кадрлардың жетіспеушілігі болып табылады.
Осыған байланысты құрметті Ажар Ғинятқызы, еліміздегі сәби өліміне қатысты осындай жағдайға не себеп болды және мынау бүкіл республика бойынша, оның ішінде нақты Қостанай облысы бойынша бұл проблеманы қалай шешуді жоспарлап отырсыздар?", - деп сұрады мәжіліс депутаты Берік Бейсенғалиев.
Ажар Ғинаятқызының айтуынша, бүгінде былтырғы жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан бойынша сәбилер арасындағы өлім-жітім 9 пайызға, ал биылғы үш айдың қорытындысы бойынша 12 пайызға төмендеген.
Алайда Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстарында, Шымкент қалаларында бұл көрсеткіш республикалық деңгейден едәуір жоғары.
"Былтыр біз осы өңірлерге министрліктің білікті мамандарын жіберіп, талдама жүргізгенбіз, консультациялық көмек көрсетілген болатын. Осы нәресте өлімінің басты себептерінің бірі - ол шала туғандық, әр түрлі туа біткен ақаулар, іштен біткен инфекциялық аурулар болды. Көбі әйелдердің денсаулығына байланысты. Сондықтан біз осы көрсеткішті жақсарту үшін барлық өңірлерде бірінші осы әйелдердің денсаулығына байланысты профилактикалық жұмыстар жүргіздік, жүктілікпен ертерек есепке алу.
Бұрын 12 апта болса, қазір он аптадан, әйелдің денсаулығын бақылау бірінші шарамыз. Екінші, бүкіл перинаталдық орталықтарды босандыру ұйымдарының құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету. Бүгін республика бойынша 85 пайыз болса, соны 90 пайызға жеткіземіз деп, бюджетті қарастырып, үш жылға 40 млрд астам қаражат қаралды. Соның ішінде Арқалық қаласындағы ауруханаға биыл республикалық бюджеттің есебінен күрделі жөндеу жүргізіліп және құрал-жабдықтар алынатын болады", - дейді Денсаулық сақтау министрі.
Сондай-ақ министр қиын жағдайда дүниеге келген балаларды қорғау үшін, олардың өмірін сақтау үшін заманауи, дұрыс перинаталдық орталықтар керек екенін атап өтті. Оның сөзінше, бүгінде 13 перинаталдық орталық салу жоспарланып отыр. Перинаталдық орталықтардың бірі Қостанай облысында салынып қойған.
Бұдан бөлек Ажар Ғинаятқызы кадр мәселесі бойынша қазір резидентураға беріліп отырған гранттың 40 пайызы босандыру ұйымдарында жұмыс жасайтын мамандарға бөлініп отырғанын мәлімдеді.
"Барлық өңірдің сұранысы бойынша биылдың өзінде 500 астам маман бүкіл өңірлерге жіберілетін болады", - дейді Денсаулық сақтау министрі.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2023789-arqalyq-qalasynda-40-paiyzga-osken-deputat-elimizde-sabiler-arasyndagy-olim-zitimnin-kobeigenin-aityp-dabyl-qaqty/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.