Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Сіздің ақпаратыңыз ескірген": үкімет басшысы "ҚазМұнайГаз" төрағасы орынбасарының есебін сынға алды

Опубликовано:

үкімет отырысы
Үкімет отырысы. фото: t.me/KZgovernment

Бүгін үкімет отырысында премьер-министр Әлихан Смайылов "ҚазМұнайГаз" АҚ басқарма төрағасы орынбасарының есебін сынға алды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

"Сіз баяндамаңызда бірқатар мұнай өңдеу зауытының жұмысы тоқтатылғанын атап өттіңіз. Олардың кейбіреуі әлдеқашан жұмысын қалпына келтірген. Сіздің ақпаратыңыз ескірген", - деп жауап берді премьер-министр Дәулетжан Хасановтың есебіне қатысты.

Сондай-ақ отырыста Әлихан Смайылов қазір Қазақстанда отын қоры жеткілікті екенін атап өтті.

"Ешқандай да жанар-жағармай тапшылығы болмайтынын баса атап өткім келеді. Қолда бар отын қоры бүкіл республикаға жетеді. Барлық мұнай өңдеу зауытын тоқтату туралы алып-қашпа әңгімелер шындыққа жанаспайды. Жағдай бақылауда.

Кінәлілер жауапқа тартылады. Қазіргі таңда ең бастысы - барлық кәсіпорынның жұмысын қалпына келтіріп, тұтынушыларды электр энергиясымен толығымен қамтамасыз ету", - дейді Әлихан Смайылов.

Сонымен қатар премьер-министр Маңғыстау облысының әкімдігіне энергетикалық комбинаттың қолданыстағы жабдықтарын іске қосу және жаңғырту бойынша шаралар қабылдауды, Энергетика министрлігіне "KEGOC" компаниясымен бірлесіп, Батыс энергетикалық торабының қалыпты жұмысын қамтамасыз етуді, Энергетика министрлігіне ІІМ және БҚА-мен бірге алып-сату және жанар-жағармайдың жасанды тапшылығын туғызу фактілеріне тосқауыл қоюды тапсырды.

Еске сала кетейік, 3 шілдеде Маңғыстау атом энергетикалық комбинатының №1 энергия блогының апаттық жағдайда ажыратылуына байланысты Атырау қаласының бір бөлігі жарықсыз қалған болатын. Энергия блогтағы апаттық жағдайдан Атырау мұнай өңдеу зауытында төтенше жағдай орын алды.

Сонымен қатар МАЭК-те электр қуатының сөнуіне байланысты "ҚазМұнайГаздың" бірнеше кен орнында мұнай өндіру тоқтатылғаны хабарланды.

Сондай-ақ еліміздегі үш мұнай өңдеу зауыты жұмысын тоқтатқаны туралы ақпарат шықты, алайда Энергетика министрлігінің өкілдері мұның шындыққа жанаспайтынын айтты.

Бұдан бөлек, мемлекет басшысы Атырау мұнай өңдеу зауыты мен Маңғыстау атом энергетикалық комбинатында туындаған апаттардың себебін анықтау үшін мемлекеттік комиссия құруды тапсырды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2027476-sizdin-aqparatynyz-eskirgen-ukimet-bassysy-qazmunaigaz-toragasy-orynbasarynyn-esebin-synga-aldy/

pixel