Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Жаңадан тағайындалған Шымкент әкіміне қандай міндеттер жүктелді

Опубликовано:

Ғабит Сыздықбеков
Ғабит Сыздықбеков. Фото: t.me/KZgovernment

Премьер-министр Әлихан Смайылов Шымкент қаласының активімен кездесу өткізіп, жаңа әкім Ғабит Сыздықбековтің алдына бірқатар міндет қойды. Бұл туралы үкімет басшысының ресми сайты хабарлады.

Премьер-министр қала активімен өткен кездесуде Шымкенттің республикалық маңызы бар қала мәртебесін алғаннан бері 5 жылдан астам уақыт өткенін атап өтіп, жергілікті атқарушы биліктің алдына қойылатын басым міндеттерді атады.

"Бүгінде қала миллионнан астам халқы бар жетекші өнеркәсіптік және экономикалық орталықтардың бірі. Осыған байланысты тұрғындарды сапалы ауызсумен, электр және жылу қуатымен қамтамасыз ету, әлеуметтік нысандарды жаңғырту мәселелерін шешу жергілікті атқарушы биліктің алдына қойылатын басым міндеттер", - дейді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысының айтуынша, тұрғын үй құрылысы бойынша жоспарланған көрсеткіштерге де қол жеткізу қажет.

Сондай-ақ премьер-министр Шымкент қолайлы экономикалық және іскерлік ортасы бар қала болуға тиіс екенін атап өтті. Ол үшін инвесторларға тиісті жағдай жасап, қаланың дамуына серпін беретін өнеркәсіптік жобаларды іске асыруға басымдық беру қажет.

Әлихан Смайылов Шымкент қаласының активімен кездесуде
Әлихан Смайылов Шымкент қаласының активімен кездесуде. Фото: primeminister.kz

"Біз Шымкент қаласының шағын және орта бизнес үшін өнеркәсіптік аймақтар құру тәжірибесін кеңінен қолдаймыз. Биыл бұл тәжірибені барлық өңірде қолдану бағдарламасы жүзеге асырылып отыр. Шымкент шағын және орта бизнестің орталығы деп айтуға болады. Сол себепті шағын индустриялық аймақтарды іске қосу жұмыстары жалғасуға тиіс", - дейді Әлихан Смайылов.

Сонымен қатар үкімет басшысы халық санының өсуі бірқатар әлеуметтік нысанға түсетін салмақты арттыратынын айтты. Осыған байланысты "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында қалада 28 мың оқушыға арналған 18 мектеп салу жоспарланып отыр.

Бұдан бөлек, Әлихан Смайылов президенттің тапсырмасы бойынша салынып жатқан жаңа Студенттер сарайы мен Шымкент қалалық опера және балет театры құрылысының маңыздылығын айта кетті.

Жиында үкімет басшысы азық-түлік бағасын тұрақтандыру маңызды міндеттердің бірі болып отырғанына да тоқталды. Оның айтуынша, бұл бағытта қолдағы реттеу және бақылау тетіктерін тиімді пайдалану, сондай-ақ ішкі нарықты сапалы отандық тауарлармен толықтыру қажет. Қалалық сауда-логистикалық орталықты кеңейту де осы мақсатқа жетуге ықпал етпек.

Қорытындылай келе, премьер-пинистр жаңа әкімге және барлық жергілікті атқарушы органның қызметкерлеріне мемлекет басшысы мен үкімет қойған міндеттерді жүзеге асырудағы жұмыстарына сәттілік тіледі.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін Шымкент қаласын 2020 жылдың 21 қаңтарынан бері басқарып келген Мұрат Әйтенов қызметінен босатылып, оның орнына қала әкімі болып Ғабит Сыздықбеков тағайындалды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2035405-zanadan-tagaiyndalgan-symkent-akimine-qandai-mindetter-zukteldi/

pixel