Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Болат Жәмішев Тоқаевқа "Қазақстан халқына" қорының атқарған жұмысы туралы есеп берді

Опубликовано:

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Болат Жәмішев
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Болат Жәмішев. Фото: t.me/aqorda_resmi

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан халқына" қорының төрағасы Болат Жәмішевті қабылдады, деп хабарлайды Ақорда ресми сайтында.

Кездесу барысында қор төрағасы президентке қор 2022 жылы қаңтарда құрылған уақыттан бері қайырымдылық жасаудың тұрақты моделін ұлттық ауқымда қалыптастырғаны туралы мәлімет берген.

Болат Жәмішевтің айтуынша, қор ашықтық, есептілік, заңдылық және тұрақтылық секілді қоғамдық қаржыны басқарудың негізгі қағидаттарын сақтайды және еліміздегі қайырымдылық экожүйесінің дамуына елеулі үлес қосады.

Қордың жұмысы жалпы жұртшылықтың сенім мандатына негізделген.

Қордың қайырымдылық жобалары мен бағдарламалары қоғам өмірінің маңызды салаларына айтарлықтай әсер етеді және көбіне олардың дамуына тың серпін береді.

Болат Жәмішевтің мәліметінше, қор азаматтарымыздың денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау, мәдениет және спорт салаларындағы негізгі мәселелерін шешуге бағытталған жалпы сомасы 146,5 миллиард теңге болатын 40-тан астам қайырымдылық бағдарлама мен жобаны қаржыландырады. Сондай-ақ төтенше жағдайлар кезінде зардап шеккен азаматтарға көмек көрсетіледі. Қордың бағдарламалары ауылдық елдімекендер мен  шағын қалаларға басымдық бере отырып, еліміздің барлық өңірлерінде жүзеге асырылады.

Қордың ең ірі бағдарламасы – өмірге қауіп төндіретін және орфанды (сирек) аурумен ауыратын науқастар үшін дәрілік препараттарды сатып алу. 324 қазақстандық (оның 243-і балалар) үшін 24,9 миллиард теңге көлемінде дәрілік заттардың 36 түрі, сондай-ақ Қазақстанға алғаш рет жеті препарат, оның ішінде әлемдегі ең қымбат "Золгенсма" дәрісі сатып алынған.

Қордың қолдауының нәтижесінде елімізде тірек мектептер жүйесі (80 мектеп), ауылдағы, әсіресе аз жабдықталған мектептердегі білім деңгейін арттыру үшін құзыреттілік орталықтары құрылған.

Болат Жәмішевтің сөзінше, сонымен қатар қор мүмкіндігі шектеулі, аз қамтылған және ауылдан шыққан талапкерлердің жоғары білім алу мүмкіндігін қамтамасыз етеді. Республика бойынша 2200-ден астам студент "Қазақстан халқына" қорының гранттары мен стипендиясының иеленген. Ауылдарда спортпен айналысатын залдардың тапшылығы мен қолжетімсіздігін ескеріп, қордың қолдауымен ауыл жастарына арналған 24 спорт залы ашылған. Қазіргі таңда 76 залды іске қосу жұмыстары жалғасуда. 

Қор төрғасы ерекше балаларға арналған оңалту орталықтарын құру бойынша да ауқымды жұмыс жүргізіліп жатқанын да атап өтті. Жалпы 4 ерте араласу орталығы және аутизм мен басқа да ақыл-ой ауытқушылығы бар балаларға арналған 4 орталық ашылған. 13 орталықты ашу жұмыстары жүргізілуде.

Бұдан бөлек, Болат Жәмішев 15 тамыздан бастап қордың бастамасымен "Өңірлерге арналған қор" атты ұлттық қайырымдылықтың II конференциясы басталатынын айтты. Оның барысында еліміздің барлық аймағында дөңгелек үстел форматында өңірлердің қажеттіліктері мен ерекшеліктерін ескере отырып, жүзеге асыруға ұсынылатын бастамалар талқыланып, жобалар айқындалады. Әзірленген ұсыныстар 2024 жылы "Қазақстан халқына" қорының қызметінде басшылыққа алынады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2035571-toqaev-qazaqstan-xalqyna-qorynyn-toragasy-bolat-zamisevti-qabyldady/

pixel