Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Біз үшін бүгін үлкен оқиға": Тоқаев Эмманюэль Макронмен шағын құрамда келіссөз жүргізді

Опубликовано:

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмманюэль Макрон
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмманюэль Макрон. Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға ресми сапармен келген Франция президенті Эмманюэль Макронмен келіссөз жүргізді, деп хабарлайды Ақорда ресми сайтында.

Пезиденттердің шағын құрамдағы келіссөзі Ақорда резиденциясының Шығыс залында өткен. Қасым-Жомарт Тоқаев Эмманюэль Макронға ілтипат білдіріп, жылы қарсы алған.

"Президент мырза, біз үшін бүгін үлкен оқиға. Сіздің сапарыңызды бәріміз құптаймыз. Менің шақыруымды қабыл алып, Қазақстанға ресми сапармен келгеніңіз үшін алғыс айтамын. Қазақстан мен Франция арасындағы ынтымақтастық жақсы дамып келе жатыр. Дегенмен екіжақты қарым-қатынасқа тың серпін беру керек. Сондықтан сіздің сапарыңызды тарихи, өте маңызды деп айтуға болады. Бүгінгі келіссөздер нәтижелі болатынына сенімдімін. Оған ешқандай күмәнім жоқ", - деді президент.

Мемлекет басшысы Франция Қазақстанның Еуропа Одағындағы басты және сенімді серіктесі, сондай-ақ ел экономикасының ірі инвесторының бірі екенін атап өткен.

Өз кезегінде Эмманюэль Макрон Қазақстан мен Франция арасындағы байланыстарға жоғары баға берген.

"Президент мырза, ресми сапармен келуге шақырғаныңыз үшін алғыс айтамын. Астанаға келіп, сізбен жүздесіп отырғаныма қуаныштымын. Осы сапарды ұйымдастырғаныңызға ризашылығымды білдіремін. Бұл сапар біздің екіжақты серіктестігіміз үшін маңызды жылмен тұспа-тұс келіп отыр. Бүгін біз өзекті халықаралық мәселелер бойынша пікір алмасып, БҰҰ Жарғысын, соның ішінде аумақтық тұтастық, ұлттық тәуелсіздік қағидаттарын сақтауға бейілді екенімізді тағы да нақтылай аламыз.

Сонымен қатар екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылаймыз. Біз экономикалық тұрғыдан серіктес елдерміз. Сондай-ақ Қазақстан мен Франция арасындағы экономикалық-стратегиялық әріптестігімізді одан әрі дамыта түсетін маңызды келісімдерге қол қоямыз. Сізбен жүздесіп, ортақ күн тәртібін талқылау мүмкіндігі туғаны үшін қуаныштымын", - деді Франция президенті.

Шағын құрамда келіссөз барысында екі елдің басшылары қазақ-француз стратегиялық серіктестігінің қазіргі жай-күйі мен даму перспективаларын талқылаған. Сондай-ақ саяси диалогты нығайтуға, сауда-экономикалық, инвестициялық, энергетикалық, көлік-логистикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты кеңейтуге ерекше назар аударылған.

Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмманюэль Макрон халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасқан.

Екіжақты кездесуден кейін президенттер келіссөздерді екі ел делегацияларының қатысуымен кеңейтілген құрамда жалғастырған.

Айта кетейік, бүгін, 1 қарашада Франция президенті Эмманюэль Макрон ресми сапармен Қазақстанға келген болатын.

Кейін Ақорда резиденциясында елімізге ресми сапармен келген Франция президенті Эмманюэль Макронды салтанатты түрде қарсы алу рәсімі өтті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2043547-toqaev-franciya-prezidenti-emmanyuel-makronmen-sagyn-quramda-kelissoz-zurgizdi/

pixel