Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Алматының тарихи орталығы": Алмалы ауданында тозып тұрған коммуналдық желілер қалай жаңартылуда

Опубликовано:

Айдар Жақыбаев
Фото: Алматы қаласының әкімдігі

Бүгін Алматы қаласы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте осы жылдың 10 айында Алмалы ауданында атқарылған жұмыстар мен негізгі нәтижелер сөз болды. Аудан әкімі Айдар Жақыбаев БАҚ өкілдерінің сауалына жауап беріп, аудандағы оң өзгерістер мен өзекті мәселелерге тоқталды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Алмалы ауданы – Алматының тарихи орталығы саналады. Сондықтан ауданда қаланың тарихи бейнесін сақтауға ерекше мән берілген. Аудан әкімінің айтуынша, жыл басынан бері үйлердің 44 қасбеті жаңартылған.

"Қала орталығының тарихи келбетін сақтау үшін ескі үйлердің қасбетін реттейміз. Алматының магистральдық және қосалқы көшелерінің архитектуралық келбетін сақтау үшін үйлердің қасбетін бастапқы қалпына келтіреміз. Архитектуралық шуды азайтамыз, сыртқы кондиционерлерді арнайы текстуралы тормен жасырамыз", - деді ол.

Сонымен қатар ауданда көшедегі жарық мәселесі өзекті. Айдар Жақыбаевтың сөзінше, аптасына келіп түскен 60-70 өтініштің шамамен 40 пайызы көшені жарықтандыруға қатысты.

"Биыл көше жарығына 837,8 млн теңге бөлінді. Алмалы ауданы әкімінің аппараты мен "Алматы Қала Жарық" арасында шарт жасалды. Сонымен қатар жедел әрекет ету үшін күн сайын 7 арнайы техника шығады, өткен жылы біреу ғана болған. Ал өтінімдерді қарау уақыты 5 тәулікке дейін қысқарды", - дейді аудан әкімі.

Аудан басшысының мәліметінше, Қазыбек би, Әйтеке би, Жамбыл, Абай көшелерінде LED-шамдарды ауыстыру жұмысы аяқталып қалды. Жыл соңына дейін Қарасай батыр, Құрманғазы, Абылай хан көшелерінде шам ауыстыруды аяқталады.

Сондай-ақ аудан әкімі өз сөзінде ауданда тозығы жеткен коммуналдық инфрақұрылым қалай жаңартылып жатқанын айтты. Ауданда электр желілерінің 81%-ы ескірген.

"Аудандағы электр желісінің ұзындығы 1000 км-дан асады. Жыл басынан электр желісінде 320 апат тіркелді, бұл кабельдердің тозғанын білдіреді. "АЖК" АҚ күштерімен тозу көрсеткішін азайту және үздіксіз электрмен жабдықтауды қамтамасыз ету мақсатында биыл 50 км реконструкциялау жұмысы жүргізілді", - деді Айдар Жақыбаев.

Ауданда су құбыры желілерінің 72,5%-ы да тозған, оның салдарынан 130 апат тіркелген. Сумен жабдықтауды үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында биыл 4 учаскеде 1,9 км желіні қайта жаңарту бойынша жұмыс жүргізілген.

Алмалы ауданында барлық 1395 көппәтерлі тұрғын үй жылумен жабдықталған. Жылу желілерінің 63% ескірген.

Ойын алаңы
Фото: Алматы қаласының әкімдігі

"Биыл Бөгенбай батыр көшесінің бойымен Байтұрсынов көшесінен Наурызбай батырға дейінгі 400 м жылу желілерін қайта жаңарту жұмыстары жүргізілді. Оған қосымша 16 мекенжай бойынша жоспарлы жұмыстар аяқталды", - деп толықтырды аудан басшысы.

Алмалы ауданы қала орталығында орналасқандықтан тұрғындарды көлік кептелісі мәселесі де мазалайтыны рас. Оған қаладағы тұрғын үйлердің тығыз салынуы да себеп болуы мүмкін. Портал тілшісі Айдар Жақыбаевтан ауданда жаңа құрылысқа қаншалықты рұқсат беріліп жатқанын сұрады.

"Қазіргі таңда ауданымызда 8 жаңа үй салынуда. Қазір толық жайғастыру жоспары құрылып жатыр. Жылдың соңында дайын болады. Біздің жоспар бойынша енді аудан аумағында құрылысқа рұқсат бермейміз. Ал бос, қараусыз жатқан учаскелерге әлеуметтік нысан, мысалы, мектеп, балабақша, емхана немесе қоғамдық кеңістіктер, яғни, саябақ, сквер жасағымыз келеді. Қала құрылысы Алмалы ауданынан қалаға қосылған аудандарға қарай жылжуға тиіс", - деді аудан әкімі.

Осы ретте әкім ауданда жаңа тұрғын үйдің қолданысқа берілуін және халықтың өсуі ескеріле отырып, мектептер мен қосымша ғимараттар салу бойынша жоспарлы жұмыс орындалып жатқанын айтты. Келер жылы ауданда жаңа мектептің құрылысы аяқталады. Бірнеше мектепке қосымша құрылыс жүргізіледі.

Айта кету керек, қала бойынша аудан оқушы орындарының тапшылығынан ең төменгі көрсеткішке ие.

7000-ға жуық оқушы Artsport бағдарламасы бойынша түрлі үйірме, секцияларға тегін барып жүр. Аудан бойынша бұл бағдарламаға кезекте 2000 бала тұр.

"Спорттық секция, шығармашылық үйірмелерге барғысы келген аудандағы барлық баланы қамту үшін желтоқсан айында мәслихатта бекітілетін 2024 жылғы бюджетке өтінім береміз", - деді Алмалы ауданының әкімі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2047287-almatynyn-tarixi-ortalygy-almaly-audanynda-tozyp-turgan-kommunaldyq-zeliler-qalai-zanartyluda/

pixel