Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматының Әуезов ауданында тұрғындарды алаңдатқан мәселелер қалай шешілуде

Опубликовано:

Абзал Егембердиев
Фото: Алматы қаласының әкімдігі

Бүгін Алматы қалалық өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Әуезов ауданында биыл он айда атқарылған жұмыс қорытындысы айтылды. Сондай-ақ аудан әкімі Абзал Егембердиев БАҚ өкілдерінің тұрғындардан келіп түскен талап-тілегі бойынша сұрағына жауап берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Аудан әкімінің айтуынша, биыл 10 айдың қорытындысына сәйкес, Әуезов ауданының экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштерінде оң динамика байқалады. Осы мерзім ішінде бюджетке 165 млрд теңге түскен, бұл жылдық жоспардың 90 пайызын құрайды.

Абзал Егембердиев баяндамасын ауданның жол-көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында жасалып жатқан жұмыстардан бастады. Аудан басшылығының мәліметінше, 2023 жылы жалпы ұзындығы 11,4 км болатын 12 көше мен өтпелі жолдардың орташа жөндеу жұмысы аяқталды.

Бұдан кейін әкім сумен жабдықтау және су бұру желілерін жаңарту бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Ауданда мұндай 4 проблемалық аумақ бар, олар "Достық" шағын ауданы, бұрынғы "Восход", "Садовод", "Ардагер" бау-бақша серіктестіктерінің көшелері, "Мамыр-4" шағын ауданы, "Саин-Шаляпин-Жандосов-Қарғалы өзені» алаңы. Бұл учаскелердегі су құбыры және кәріз желілері 1960-1970 жылдары салынғандықтан 90 пайызы тозған. Биыл оларды жаңарту бойынша жоспар құрылып, құрылыс жұмыстары басталды.

Сонымен қатар үздіксіз жылумен қамтамасыз ету – аудан әкімдігі қызметінің маңызды мәселелерінің бірі. Бүгінгі таңда "АлТС" ЖШС тарапынан Мамыр шағын ауданында және Саин көшесінің бойында ұзындығы 3,2 км жылу желілері қайта жаңартылып жатыр.

Сондай-ақ Абзал Егембердиев жауын-шашын көп болатын кезде тұрғындарды әбігерге салатын көшелерді су алу мәселесі қалай шешіліп жатқанын айтты.

«Биыл наурыз айында ауданның магистральдық көшелерінде үнемі су басып қалатын 6 проблемалық аумақта су жиналмай, ағып кететін жүйе жасалды. Су басу орындарының пайда болуына жол бермеу мақсатында Экология және қоршаған орта басқармасы жоба әзірледі, оған сәйкес 43 км арық желілерінің құрылысы жоспарланған, оның ішінде бүгінде 5,9 км жаңа арық желілері салынды, жыл соңына дейін тағы 2,1 км желілер салынады», - дейді аудан басшысы.

Әуезов ауданы – Алматыда халқы тығыз орналасқан ауданның бірі. Ауданда азаматтық-тұрғын үй құрылысы бойынша объектілерді салу жалғасуда. Әкімдік мәліметіне сүйенсек, биыл жалпы ауданы 78 мың шаршы метр (510 пәтер) 2 көпқабатты тұрғын үй кешені іске қосылды. Жыл соңына дейін жалпы ауданы 83 мың шаршы метрді (826 пәтер) құрайтын тағы 2 нысанды іске қосу жоспарланған. Ал келесі жылы жалпы ауданы 143 мың ш. м. (1 355 пәтер) 3 көпқабатты тұрғын-үй кешенін іске қосу жоспарлануда.

Әуезов ауданы Жетісу-3 шағын ауданының тұрғындарын 16 жылдан бері құрылысы аяқталмай қалған аулаларындағы үй мәселесі алаңдатады. Себебі бітпей қалған ғимарат жанында екі бірдей мектеп орналасқан. Құрылысы тоқтап тұрған аумаққа балалар кіріп ойнайтын көрінеді.

Бұған қатысты Әуезов ауданының әкімі пікір білдіріп, мәселе қалай шешіліп жатқанын айтты.

«Халықпен кездескенде тұрғындар бізге әркез тура осы сұрақты қояды. Сондықтан бұл өзекті мәселе. Қазір қала құрылысын бақылау басқармасы мен меншік иесі арасында сот процесі жүріп жатыр. Кезінде бұл құрылысты тоқтату туралы шешім шыққан, өйткені құрылыс объектісі тұрғын үй кешенінің дәл ауласында орналасқан. Алайда бұнымен жеке кәсіпкер келіспей, дауласып отыр. Бұл сот процесі аяқталса, құрылысы аяқталмаған нысан орналасқан жер учаскесінің мәртебесі анықталады», - дейді аудан әкімі.

Қазір бұл нысанның жан-жағы қоршалған. Алайда аудан әкімі балалардың қоршаудан өтіп, нысанға кіруін қадағалау полицияға тапсырылғанын атап өтті.

«Біз полицияға бұл жағдайды мұқият қадағалауды тапсырған болатынбыз. Құрылысы аяқталмаған ғимаратқа балалар кірмеуі керек. Әзірге бұл нысан бойынша мәселе шешімін таппай отыр», - деді ол.

Абзал Егембердиев БАҚ өкілдеріне бұл оқиғаның қалай ақталғаны туралы хабарлауға уәде берді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2047821-almatynyn-auezov-audanynda-turgyndardy-alandatqan-maseleler-qalai-sesilude/

pixel