Моңғолия президенті Астанаға ұшып келді (фото)
Жарияланған күні:
Моңғолия президенті Ухнаагийна Хурэлсуха ШЫҰ саммитіне қатысу үшін Астанаға ұшып келді. Бұл туралы үкімет Telegram-дағы арнасында хабарлады.
Ухнаагийна Хурэлсуханы елордалық әуежайда Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары Ғалымжан Қойшыбаев қарсы алды.
Моңғолия президенті 3-4 шілдеде Астанада өтетін ШЫҰ саммитіне қатысады.
Моңғолия – 2004 жылы Шанхай ынтымақтастық ұйымында бақылаушы мәртебесін алған алғашқы мемлекет. Сол кезде бірлестік географиялық тұрғыда кеңейе түсті, бұл ШЫҰ-ның халықаралық беделінің артуына дәлел болды.
Қазақстан-Моңғол ынтымақтастығы аясында дәстүрлі достық саяси қатынастардан басқа, сауда-экономика саласындағы өзара іс-қимыл екіжақты ынтымақтастықтың берік негізі екенін атап өткен жөн. 2023 жылдың қорытындысы бойынша екіжақты тауар айналымы $133 млн құрады, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 27,7 пайызға өсім көрсетті.
Еске сала кетейік, 3-4 шілдеде Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті өтеді.
Ақорда хабарлауынша, саммит аясында ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің басшылары саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимылдың өзекті мәселелерін талқылайды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2128032-monggoliia-prezidenti-astanaga-ushyp-keldi/