Арыс қаласына жаңа әкім тағайындалды
Опубликовано:

Түркістан облысы Арыс қаласының әкімі қызметіне Қайсар Маңқараев тағайындалды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Түркістан облысы әкімдігіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.
"Арыс қаласының әкімі болып Маңқараев Қайсар Зәкірұлы тағайындалды. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды жаңа әкімді қала активіне таныстырып, бірқатар тапсырма жүктеді" , - делінген облыстық әкімдіктің Instagram-дағы ресми парақшасында жарияланған ақпаратта.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, Арыс қаласы әкімі қызметін атқарып келген Гүлжан Мамытқызы басқа жұмысқа ауысуына байланысты қызметтен босатылды.
"Гүлжан Мамытқызы өзін білікті басшы ретінде таныта білді және қаланың дамуына өз үлесін қосты. Алғысымызды білдіреміз. Бүгін қалаға жаңа әкім тағайындалып отыр. Облыстың бағыты – өндіріс және жаңа жұмыс орындарын ашу, инвестиция тарту, экономиканы көтеріп, халықтың әл-ауқатын жақсарту. Қайсар Зәкірұлына осы бағытта белсенді жұмыс істеуді тапсырамын", - деді облыс басшысы Дархан Сатыбалды.
Қайсар Маңқараев 1979 жылы дүниеге келген. Мамандығы – бухгалтерлік есеп және аудит, құқықтану. Еңбек жолын 2000 жылы бастап, Шымкент қаласында, "Береке" ЖШС-інде кассир, менеджер, экономист болып жұмыс істеген.
2004 жылдан бастап Қаржы министрлігіне қарасты комитетте, ал 2005-2010 жылдары Экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі агенттігі органдарында еңбек еткен. 2010-2016 жылдар аралығында "Қазақстан парламенті шаруашылық басқармасының әкімшілік ғимараттар дирекциясы" кәсіпорны директорының орынбасары, Орал қаласы әкімінің орынбасары болып жұмыс атқарды.
2016-2022 жылдар аралығында Батыс Қазақстан облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы, Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің кеңесшісі, Нұр-Сұлтан қалалық стратегиялық және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы болды. 2022 жылдан бері Астана қаласының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасын басқарған.
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/politics/appointments/2195697-arys-qalasyna-zhanga-akim-tagaiyndaldy/