"Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингіне жаңа басшы тағайындалды
Жарияланған күні:

Қазақстан премьер-министрі Әлихан Смайылов "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" АҚ ұжымына директорлар кеңесінің шешімімен сайланған басқарманың жаңа төрағасы Қанат Шарлапаевты таныстырды, деп хабарлайды премьер-министрдің ресми сайты.
Үкімет басшысы "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ-ның бұрынғы басқарма төрағасы Айдар Әріпхановқа холдинг басшысы ретінде атқарған жұмысы үшін алғыс білдірді.
Премьер-министр холдингтің жаңа басшысы Қанат Шарлапаевты таныстыра отырып, оның әлемдегі ірі инвестициялық банктердің бірі – "Сити" құрылымдарындағы үлкен басқарушылық жұмыс тәжірибесін атап өтті.
"Бәйтеректің" алдына маңызды міндеттер қойылды. Бірінші кезекте, бұл – қаржыландырудың қолжетімділігі мен ашықтығын арттыру, экономиканың шикізаттық емес секторларын, АӨК және кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесу. Мемлекет басшысы аталған бағыттарға баса көңіл бөледі және холдинг жұмысынан тиімді нәтиже күтеді", — деді Смайылов.
Қанат Шарлапаев 1981 жылы Саратов облысында дүниеге келген. Саратов әлеуметтік-экономикалық университетін (РФ), Cranfield School of Management (Ұлыбритания) бітірген.
Еңбек жолын 2003 жылы банк секторында бастады.
2006-2008 жылдары "Сити" инвестбанкінің (Ұлыбритания, Чехия) өңірлік кеңсесінің қаржы департаментінде, жобаларды басқару департаментінде, операциялық-технологиялық департаментінде, сату басқармасында жұмыс істеді.
2008-2014 жылдары — "Сити" инвестбанкінде (Лондон, Ұлыбритания) аға талдаушы, вице-президент көмекшісі, акциялар нарығындағы жұмыс жөніндегі өңірлік дивизионның вице-президенті.
2014-2015 жылдары — "Сити" инвестбанкінің Еуропа, Таяу Шығыс және Африка бойынша стратегиялық жоспарлау және талдау өңірлік тобының вице-президенті (Лондон, Ұлыбритания).
2015-2017 жылдары — "Ситибанк Қазақстанның" бас қаржы директоры, басқарма төрағасының орынбасары, аға вице-президенті.
2017-2020 жылдары — Ресей Ситибанкінде Ресей, Украина және Қазақстан бойынша бас қаржы директоры, аға вице-президенті.
2020 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін "Сити" инвестбанкінің (БАӘ) Африка, Таяу Шығыс және Шығыс Еуропаның дамушы нарықтарындағы стратегия, жоспарлау және талдау жөніндегі өңірлік директоры қызметін атқарды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/kazakhstan/1954306-baiterek-ulttyq-basqarusy-xoldingine-zana-bassy-tagaiyndaldy/