Саясат

Зектілері

"Кезегін он жыл күткен": мәжіліс депутаты мүмкіндігі шектеулі анаға баспана тарту етті

Жарияланған күні:

Айгүл Қуанышқалиева
Айгүл Қуанышқалиева. Фото: Qazaq.today

Парламент мәжілісінің депутаты Әділ Жұбанов Атырау облысында арбаға таңылған 1-топтағы мүмкіндігі шектеулі анаға үй сыйлады, деп хабарлайды Qazaq.today ақпараттық порталы.

Порталдың жазуынша, атыраулық Айгүл Қуанышқалиеваның арбаға таңылғанына он бес жылға жуықтаған. Пәтер кезегінде 2014 жылдан бері тұрса да, әкімдіктен үй ала алмаған. Амалы таусылған тұрғын сайлау кезінде үміткерлерге жылжымайтын кезектің мәселесін шешіп беру жайлы өтінішпен жүгінген.

"1-топтағы мүгедекпін. Жолдасым ғана жұмыс істейді. Жолдасыма Әділ Жұбанов бастаған үміткерлерге жағдайыңды айтып, сөйлесіп көрсеңші дегенмін, ыңғайсыз деп бармады.

Ақыры өзім хабарластым. Айып етпеңіздер. Өзіміз үй жалдап тұрамыз. Қаражат жетпейді. Бізге көмек керек. Ұят та болса, сіздерге жағдайымызды айттық. Оншақты жылдан бері үйдің кезегінде тұрмын. Жыл сайын облыс әкіміне барамын. "Сізге көмектесе алмаймыз" деп алдап-сулап шығарып салады", – дейді арбадағы ана.

Айгүл Ханкерейқызы өздігінен жүріп-тұра алмайды. Ескі үйдің екінші қабатын жалдап тұрған. Ұлы мен келіні аналарын бағып, жұмысқа да шыға алмаған. Осындай жағдайдың бәрін ескерген депутат арбадағы ананың жүріп-тұруына ыңғайлы боларлық үйді іздеп табады.

Арбадағы анаға алынған үй
Жаңа үй. Фото: Qazaq.today

Ауданы 150 шаршы метр болатын үй 2014 жылы салынған. 10 сотық жері де бар, ауласында өмір сүруге ыңғайлы, барлығы қамтылған.

"Сайлау науқаны болып жатқанда осы адамнан хабарлама келіп түсті. Үйдің кезегі бойынша облыстың әкімдігіне бара-бара әбден шаршаған екен. Кезегі жылжымай қойған. Күйеуі, ұлы-қызы, үш немересі, келінімен "Хрущевка" аталып кеткен ескі үйдің екінші қабатын жалдап тұрады екен.

Барак үйдің екінші қабатынан түсіп-шыға алмайды. Барып, өз көзіммен көрдім. Жағамды ұстадым десем де болады. Өздігінен сыртқа да шыға алмайды. Жолдасы жүргізуші, табысы жетпейді.

Бір ай іздеп, осы үйді таптық. Толықтай жөндеу жүргізіп, жаңаладық. Халыққа берген уәдемізді ұмытпау ғана емес, оны орындауымыз керек. Ел бізге үміт артып отыр", – дейді депутат Әділ Жұбанов.

Арбадағы анаға алынған үй
Жаңа үй. Фото: Qazaq.today

Депутат үйді медициналық мекемеге жақын жерден сатып алған. Атыраудың орталығында орналасқан үй толықтай қаланың коммуналдық қызмет жүйесіне қосылған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/kazakhstan/2018190-kezegin-on-zyl-kutken-mazilis-deputaty-mumkindigi-sekteuli-anaga-baspana-tartu-etti/