Қазақстанда 25 млн тонна астық шіріп кетуі мүмкін бе
Жарияланған күні:

Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаровтың айтуынша, Ресей Федерациясы өз елінде Қазақстан астығы тасымалына біржақты шектеулер енгізгеннен кейін елде шығын шегушілер көбейген. Биыл жиналған 25,2 млн тонна астықтың пайдасын көрмей қалуымыз мүмкін. Әріптестері оның сөзін растайды, бірақ эмоциямен айтқан отыр, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Биыл жиналған 22,5 млн тонна астық шіріп кетуі мүмкін деп жар салған Парламент Мәжілісінің Аграрлық мәселелер комитеті Қостанай облысына келіп, көшпелі отырысын өткізді. Депутат Айдарбек Қожаназаров Мәжіліс отырысында премьер министр Олжас Бектеновке "Ресей Федарациясы Қазақстандық астық тасымалының транзитына қойған шектеуді алып тастасын деп талап қою" жөнінде депутаттық сауал жолдаған еді. Әйтпесе, биылғы рекордтық деңгейде жиналған күзгі терімнен пайда көре алмаймыз дейді.
Дегенмен аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Серік Егізбаевтың айтуынша, оның әріптесі эмоцияға беріліп, артық кеткені бар.
"Әрине, ол эмоция болар, 20 млнның бәрі шіріп кетпейді. Біздің өзіміздің ішкі өніміміз бар. Бірақ қомақты мөлшерін экспортқа жібереміз. Осыған байланысты біздің трейдерлеріміз бен шаруа қожалықтарымыз шығынға шығып кетуі мүмкін", - дейді Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Серік Егізбаев.
Серік Егізбаевтың айтуынша, Ресей тарапы өзінің бұл әрекетіне көп күттірмей жауап та берген. Қазақстан олардың астығын ішкі нарыққа кіргізуге тыйым салған соң осындай әрекетке барыпты. Ресей арқылы Еуропа елдері мен Түркияға қатты сұрыпты бидай, зығыр, рапс және тағы да басқа дақылдар тасымалданады.
"Біздер Қостанайға таңертең ұшып келгеннен "Кайзер" деген мекемеге бардық. Кәсіпорын майлы дақыл өндіреді. Солардың өздері айтып отыр, Қара теңіз порттарында тек қана бір кәсіпорының 50 мыңнан астам тонна өнімі тоқтап қалған. Оны өткізбей жатыр. Соны шешіп беруге көмек сұрады", - дейді комитет төрағасы Серік Егізбаев.
Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров та трейдерлер күн сайын шығынға батып жатыр деп қостады. Бүгінде Ресей арқылы тасымалдануға тиіс 1 млн тонна отандық астықтың саудасы тоқтап қалған.
"Ресей тарабынан қазір үлкен кедергі болып жатыр қазір. 10 мыңдаған тонна бидай, басқа дақылдар қазір осы жерде жай тұр. Оның өзінің күнделікті құны бар, ақшасы сол шығындарға біздің шаруалар ұшырап жатыр. Премьер министрден біздің талап еткеніміз қысқа мерізмде РФ өкілдерімен осы келіссөздерді бастау, осы мәселені тезарада шешіп тастау", - дейді Қожаназаров.
Мәжіліс депутатының айтуынша, 2024 жылдың 23 қыркүйегінен бастап Ресей Федерациясы Қазақстанның астығы мен ауыл шаруашылыңы өнімдеріне Ресей аумағы арқылы өтуіне біржақты шектеулер енгізді. Осы теріс шешімдерінің нәтижесінде астыққа, дән өнімдеріне, күнбағыс тұқымдарына, қызанақ, бұрыш және басқа да өнімдерге фитосанитарлық сертификаттар беруді тоқтатты. Халықарлық келісімдердің барлығы жайына қалды.
Россельхоз енгізген шектеулер Еуразиялық экономикалық одақтың енгізген талаптарының шарттарын бұзып тұр, тауар айналымының еркін қозғалысы принциптеріне қайшы келеді. Сондықтан Айдарбек Қожаназаров Мәжіліс отырысында премьер министр Олжас Бектеновке мынадай шаралар қолдану жөнінде депутаттық сауалын жолады.
"Қазақстан арқылы өтетін Ресейлік өнімдердің транзитіне тарифтерді қайта қарау керек, керек болса жоғарыдағы мәселе шешілгенге дейін көрші елдің таураларын Қазақстан нарығына кіруін шектеу секілді қарсы шараларды енгізу қажет. Россельхознадзордың әрекеттерін зардап шеккен қазақстандық экспорттаушылар бар өз азаматтарымыздың мүддесін заңмен қорғауды қамтамасыз етуіміз керек", - дейді Айдарбек Қожаназаров.
Астық экспортына басқа да логистикалық бағыттарды іске қосу жөнінде де ұсыныс тастады. Мысалы Каспи теңізі арқылы шығу жолдарын қолға алу керек. Қытайға астық экспортының квотасын ұлғайтуға күш салып, жол шығындарын субсидиялау жолдарын қараған жөн дейді Мәжіліс депутаты.
Азық-түлік келісім шарт корпорациясының басқарма төрағасы Асылхан Джувашевтың мәліметінше, биыл ел аумағында 18-19 млн тонна астық жиналады. Соның 6 млн тоннасы ішкі нарықта: азық-түлік, тұқым, мал азығы үшін тұтынылады. Қалған 12 млн тонна экспортқа бағытталған. Қазақстандық астықты Қытайға сатқан тиімді. Алайда логистика жағынан қиындықтар бар. Мысыр еліне 400 тонна тасымалдау жолдары қаралып жатыр. Ираннан да сұраныс бар көрінеді, бірақ, арзан бағаға сұрайды. Ауғанстанмен де астық саудасына келісім-шарттар жасалып жатыр.
Автор Айнұр Нұрмағамбетова
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/kazakhstan/2175939-qazaqstanda-25-mln-tonna-astyq-shirip-ketui-mumkin-be/