Саясат

Зектілері

Ақтөбе облысының әкімі жол салып жатқан мердігерлерді сынға алды

Жарияланған күні:

Асхат Шахаров жиналыс өткізді
Асхат Шахаров жиналыс өткізді. Фото: Ақтөбе облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров жұмыс отырысында автожол жобаларының іске асырылу барысын қарады. Жиынға қала және аудан әкімдері, басқармалар мен мердігерлік ұйымдардың басшылары қатысты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Ақтөбе облысы әкімдігінің Telegram-дағы ақпаратына сүйенсек, әкім жиында өңірде жол салып жатқан мердігерлерді сынаған.

"Тоғыз айдың қорытындысы бойынша жоспарланған жұмыстардың жартысы ғана орындалды. Ал бюджет қаражатын игеру маңызды. Біз қателіктерге жол берген мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік шаралар қолданамыз және жосықсыз мердігерлерге де қатысты шаралар қабылдаймыз", - деді Асхат Шахаров.

Жиын барысында облыс әкімі кейбір жобалардың белгіленген мерзімінен кешігіп жатқанын, бюджет қаражатының тиімсіз пайдаланылғанын және мердігерлердің сапалы жұмысының жеткіліксіз екенін айтқан.

"Ақтөбе қаласына бюджеттен 26 млрд теңге бөлінді, тек 10,4 млрд теңге игерілді. Ауыспалы жобаларға 2025 жылы 13,5 млрд теңге бөлінді, оның 6,4 млрд теңгесі бюджетті қайта қарау кезінде қайтарылады. Жоспарлау тиімсіз жүзеге асырылады", - деді ол.

Артынша әкім мерзімінен кешігіп жатқан жобалар туралы сөз қозғады.

"Неліктен жобалардың мерзімдерінің кестеден ауытқуына жол берілді және неге қатаң бақылау жүргізілмеді?", - деді өңір басшысы қала және аудан әкімдеріне шүйліге.

Отырыста Асхат Шахаров жұмыстардың орындалу мерзімінің сақталмауы туралы әр мердігер ұйымның басшысынан сұрады. Жол салумен айналысып жүргендер қолға алған жобаларын аяқсыз қалдырмай, уақытында пайдалануға беру туралы бүгінгі күнге дейін бірнеше рет уәде берген еді.

"Өңірдегі жол жұмыстарының сапасы көңіл көншітпейді. Біз қажетті қаражатты бөлеміз, ал нәтиже күткеніміздей емес, талапқа сәйкес келмейді. Халық жолдардың сапасы мен құрылысы ұзаққа созылған жұмыстарға наразы.

Барлық мердігердің алдына қойылар талап – сапаны жақсарту және мерзімдерді сақтау ғана. Талаптарды бұзғандар заңды тұрғыда жазаланады", - деді аймақ басшысы.

Жиын нәтижесінде Байғанин ауданындағы жолдарды жөндеуге қатысты бес жобаны бірден мойнына алған ЖШС-мен жұмысты тоқтату туралы шешім қабылданды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/kazakhstan/2176479-aqtobe-oblysynyng-akimi-zhol-salyp-zhatqan-merdigerlerdi-synga-aldy/