Шымкент қаласы мен Түркістан облысының әкімдері "Парасат" орденімен марапатталды
Жарияланған күні:

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күні қарсаңында бірқатар азаматты мемлекеттік наградалармен марапаттады. Олардың ішінде Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков пен Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды да бар, деп хабарлайды Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Мемлекет басшысының жарлығымен Ғабит Сыздықбеков пен Дархан Сатыбалды "Парасат" орденінің иегері атанды.
Дәл осы наградамен Алматы қаласы "Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығы" акционерлік қоғамы Директорлар кеңесінің төрағасы З.Аманжолова, Қызылорда облысы Шиелі ауданындағы "Арғымақ" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры О.Байділда, "Қазақстан авторлар қоғамы" республикалық қоғамдық бірлестігінің бас директоры Б.Есенәлиев, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Х.Қалиламбекова, С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театрының актері К.Кемалов, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының бас директоры К.Матыжанов, "Мағжан" әдеби-көркем журналының бас редакторы Ж.Сүлейменов, М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының актрисасы Д.Темірсұлтанова марапатталды.
Еске салайық, Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен наградтау туралы" Жарлыққа қол қойғанын жазған едік. Биылғы мемлекеттік наградаларды тағайындауда қарапайым жұмысшылардың мәртебесін асыруға, еңбек әулеттерінің қоғамдағы абырой-беделін арттыруға айрықша мән берілген. Марапат иелерінің қатарында 450-ден астам жұмысшы, 137 педагог, 80-нен аса ғалым, 100-ге жуық құтқарушы мен ерікті бар.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/kazakhstan/2177651-shymkent-qalasy-men-turkistan-oblysynyng-akimderi-parasat-ordenimen-marapattaldy/