Түркістанда халықтың 85 пайызы газбен толық қамтылады
Жарияланған күні:

Түркістан облысында жыл соңына дейін халықтың 85 пайыз үлесі, яғни 1,8 млннан астам тұрғын газбен қамтылады деп көзделіп отыр. Жалпы өңірде табиғи газды жеткізу бойынша 112 жоба жүзеге асып жатыр. Оның 54-і биыл бітіп, 47 елді мекен газбен жабдықталмақ. Мұнымен облыстағы көгілдір отынмен қамтылған елді мекендер саны 557 ге жетеді, деп хабарлайды otyrar.kz.
Бүгінде Түркістанда газ, су, электр және инфрақұрылыммен қамсыздандыру бойынша 300 — ден астам жоба жүзеге асып жатыр. Жыл соңына дейін оның 200-ге жуығы аяқталады деген жоспар бар. Арнайы мәжілісте облыс басшысы тарабынан жұмысты ширату керек деген тапсырма жүктелді. Жауапты басқарма басшысы берген мәліметке сүйенсек, бұл бағытта атқарылған жұмыстар баршылық.
"2024 жылы энергетика басқармасы арқылы 323 нысан іске асырылып жатыр. Оның 13 нысаны бизнеске жол картасы аясында, 14 нысан кәріз, 4 нысан жылу, 122 нысан ауыз су бойынша, 58 нысан электрмен жабдықтау, 112 нысан газбен жабдықтау іске асырылуда", - дейді Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Мұздықбеков.
Облыс басшысы ең бірінші мәселе ауыз су екенін айтады. Бұл бойынша жоспарланған 122 нысанның 96-сы биыл аяқталмақ. Нәтижесінде жаңадан 30 елді мекенге ауыз су беріледі. Ал электрмен жабдықтау бойынша жыл соңына дейін 41 елді мекеннің халқы сапалы электр қуатына қол жеткізеді. Сондай-ақ өңірдегі "Қызыләскер", "Алатау" қосалқы станцияларының құрылысы да аяқталуға жақын.
Айта кетейік, бүгінде облыста өндірістік инфрақұрылым жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Келес ауданында жылыжай, Шардара ауданында жүгері өңдеу зауыты және Түркістанның бірқатар индустриалды аймақтарында инфрақұрылыммен қамту жұмыстары жүргізілген. Бұл бағыттағы жұмыстар тағы да жалғасады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/kazakhstan/2183882-turkistanda-halyqtyng-85-paiyzy-gazben-tolyq-qamtylady/