Саясат

Зектілері

Шымкент әкімі әлеуметтік және өнеркәсіп нысандарын аралады (видео)

Жарияланған күні:

Шымкент әкімі нысандарды аралады
Шымкент әкімі нысандарды аралады. Видеодан кадр: instagram.com/ rsk_shymkent

Шымкент әкімі Ғабит Сыздықбеков қаладағы бірқатар нысанды аралады. Еңбекші ауданында бұрынғы "Химиктер" мәдениет үйі ғимаратының қазіргі жай-күйімен және "Дани НАН" ЖШС ұн комбинатының жұмысымен танысты, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

ӨКҚ Instagram-дағы мәліметіне сүйенсек, аталған кәсіпорын шамамен 200 адамды жұмыспен қамтып, өндіріс процесін автоматтандырған. Компания басшылығы шығарылатын өнімдер мен өндірісті кеңейту жөніндегі алдағы жоспары туралы ақпарат берді.

Сондай-ақ әкім Шымкент қалалық қорғаныс істері жөніндегі департаментіне қарасты жинақтау пункті ғимаратының күрделі жөндеу жұмысын тексерді. Нысанды аралау барысында бірқатар кемшілік анықталып, жауапты тұлғаларға олқылықты тез арада жою тапсырылды.

Бұдан бөлек әкім Әл-Фараби ауданында орналасқан Түркістан облысы прокуратурасының ғимаратын аралады. Бұл нысан қаланың коммуналдық меншігіне берілуде. Мұндай қадам қала мекемелерін өз ғимараттарымен қамтамасыз етіп, бюджет шығындарын қысқартуға мүмкіндік береді. Үнемделген қаражатты қаланы дамытуға бағыттау жоспарланып отыр.

Аралау барысында шаһар басшысы Shymqala этноауылын реконструкциялау бойынша алдын ала әзірленген тұжырымдамамен танысты. Кәсіпкерлермен кездесу барысында тұрғындар мен туристерді қызықтыратын орындарды дамыту мәселесі қаралды. Ғабит Сыздықбеков туристік әлеуетті арттыру және осы кешенді жаңғырту мақсатында Туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасының басшылығына бірқатар тапсырма берді.

Сонымен қатар ол Дулати көшесіндегі әкімдік балансына өтетін ғимаратты және №6 Арнайы әлеуметтік қызмет көрсету балалар орталығы ғимаратының күрделі жөндеу жұмыстарын қарады. Әкім құрылыс басқармасы мен мердігер ұйым өкілдеріне жөндеу жұмыстарының сапалы әрі мерзімінде аяқталуы қажет екенін айтты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/kazakhstan/2200095-shymkent-akimi-qaladagy-birqatar-nysandy-aralady-video/