"Жолды өзі салады, өзі бақылайды": Сабильянов "ҚазАвтоЖол" компаниясын қатаң сынға алды
Жарияланған күні:

Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай Сабильянов парламент мәжілістегі үкімет сағатында елдегі жолдардың сапасын және "ҚазАвтоЖол" компаниясының жұмысын сынға алды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Көлік министрі Марат Қарабаев парламент мәжілісінің үкімет сағатында есеп берді. Одан кейін микрофон экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай Сабильяновқа ұсынылды. Ол автомобиль жолдарына байланысты азаматтардың айтқан сыны орынды екенін атап өтті.
"Көлік министрлігінің дерегі бойынша қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті маңызы бар жолдар 87 пайызды құрайды. Алайда жергілікті жолдарды тек 31 мың шақырымында немесе 44 пайызында асфальт-бетон жабыны төселген. Ал қалған 56 пайызында қиыршық ұсақ тастары мен топырақ төселіп жатыр. Осыған байланысты қиыршық, ұсақ тастар мен топырақ төселген жолдарды "қанағаттанарлық жағдайдағы жолдар" тізіміне жатқызбау керек. Автожолдардың сапасын бағалау өлшем шарттарын қайта қарау қажет деп есептейміз", - деді Нұртай Сабильянов.
Сондай-ақ Сабильянов мемлекет 100 пайыз қатысатын "ҚазАвтоЖол" компаниясы автомобиль жолдарының ұлттық операторы екенін, бірақ ол бір уақытта екі функция атқаратынын сынға алды.
"ҚазАвтоЖол" автомобиль жолдарын салу және оларды реконструкциялау, жөндеу мен күтіп ұстаумен әрі сапасын бақылаумен айналысады. Яғни, ол жолды өзі салып, өзі бақылайды. Осындай жағдай жол активтері сапасының ұлттық орталығында да орын алуда. Ол жобаларға ведомстволық сараптаманы өзі жүргізеді, құрылысқа ұсыныстарды өзі береді және мердігер ұйымдарынан кемшіліктерді өзі табады. Сөйтіп мүдделер қақтығысы туындайды. Мемлекеттік стратегияны жүзеге асыруда мұндайға жол берілмеуі керек", - деді Сабильянов.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/kazakhstan/2203574-zholdy-ozi-salady-ozi-baqylaidy-sabilianov-qazavtozhol-kompaniiasyn-qatang-synga-aldy/