Саясат

Зектілері

"Әлі де жеткіліксіз": Дәулет Тұрлыханов жұмысшы мамандықтарында оқитын студенттердің стипендия мәселесін көтерді

Жарияланған күні:

Дәулет Тұрлыханов
Дәулет Тұрлыханов. Фото: Іnstagram.com/daulet_bolatuly_turlykhanov

Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыханов үкімет басшысы Олжас Бектеновке жолдаған депутаттық сауалында жұмысшы мамандықтары бойынша оқитын студенттердің стипендия мәселесін көтерді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

"Құрметті Олжас Абайұлы! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2024 жылғы 2 қыркүйектегі "Әділ Қазақстан: заң және тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм" атты Қазақстан халқына жолдауында 2025 жылды "Жұмысшы мамандықтар жылы" деп жариялап, техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет, сондай-ақ біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз деген болатын. Осы бастамаларды іске асыру үшін қазіргі уақытта барлық салада жетіспейтін білікті техникалық жұмысшыларды тартуымыз қажет", - деді Дәулет Тұрлыханов.

Депутат орта мектептер мен техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінің ұжымдарымен кездесуде білім ұйымдарында жалақының төмендігінен техникалық жұмысшылардың, еден жуушы, аула сыпырушы, ағаш ұстасы (плотник), күзетші, сантехник, тағы да сол сияқты мамандардың тапшылығы мәселесі көтерілгенін тілге тиек етті.

"Неге ол жұмысқа ешкім келгісі келмейді, себебі жұмысы ауыр, айлығы төмен", - дейді депутат.

Дәулет Тұрлыханов бұл жағдайда, инфляцияны ескере отырып, техникалық жұмысшылардың жалақысын индекстеу мүмкіндігін қарастыру қажет екенін атап өтті.

"Екінші маңызды мәселе – техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіндегі жұмысшы кәсіптері бойынша білім алушы студенттердің мемлекеттік стипендиясы.

Парламент үкіметтің мемлекеттік стипендияны ұлғайту жөніндегі бастамасын қолдап, бүгінде оның мөлшері 43 мың теңгені құрағанын атап өткім келеді. Дегенмен стипендияның бұл мөлшері жұмысшы мамандықтарында оқып жатқан студенттерді толыққанды қолдауға әлі де жеткіліксіз.

Осыған байланысты, аттестаттау нәтижелері "қанағаттанарлық" және одан жоғары деңгейдегі студенттерге мемлекеттік стипендия тағайындау мәселесін, сондай-ақ қазіргі уақытта үлкен сұранысқа ие жұмысшы мамандықтары бойынша оқитын студенттердің стипендия мөлшерін ұлғайтуды қосымша қарастыруды ұсынамын", - деді мәжіліс депутаты.

Депутаттың айтуынша, үшінші мәселе колледждерді лицензиялау мерзімін бір жылдан бір жарым жылға дейін ұзартатын көптеген бюрократиялық кедергілерге қатысты.

"Лицензия беруді ұзақ уақытқа кешіктіру жаңа білім беру бағдарламаларының жұмыс істеуіне кедергі келтіреді. Осы бюрократиялық қағазбастылықты шешу үшін лицензия беру процесін мейлінше жеңілдету және оңтайландыру, яғни құжат тапсырған күннен бастап 45 күн ішінде сәйкестігін тексеру, ескертпелер беру, түзетуге уақыт беру, қайта қарау және шешім шығаратын ереже енгізу керек.

Осы баяндалғандардың негізінде көтерілген мәселелерді қарап, оларды шешу жөнінде шаралар қабылдауды сұраймын", - деді ол.

Депутат ұсынылған шараларды іске асыру президент жолдауының мақсаттарына қол жеткізуге, жұмысшы кәсіптерін қолдауға және әлеуметтік саланың орнықты дамуына ықпал ететінін айтты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/kazakhstan/2214107-ali-de-zhetkiliksiz-daulet-turlyhanov-zhumysshy-mamandyqtarynda-oqityn-studentterding-stipendiia-maselesin-koterdi/